Бүгінде ауадағы газдарды өлшейтін арнайы датчиктер бар. Ондай құрылғылардың бағасы да қымбат емес. ҚР Ішкі істер министрлігі пеші бар әрбір үйге датчиктерді орнатуға кеңес беріп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вице-министр Юрий Ильиннің айтуынша, әзірше аталған құрылғыларды пеш жағып отырған әрбір үйге орнату міндеті заңмен бекітілмеген. Алдағы уақытта ондай норманы енгізу жоспарланып отыр.
"Ашығын айту керек, өрт қауіпсіздігіне арналған шараларды жүргізгенде үйдің иелері есікті ашпай қояды. Ал ашқан күннің өзінде ішке кіргізбейді. Содан біздің қызметкерлеріміз табалдырықта тұрып, пешті қауіпсіз қолдануды түсіндіріп жатады. Енді, кей кезде үйдің иелері кіруге, тіпті, пештің айналасын қарап шығуға рұқсат береді. Сол кезде мамандар өз ақыл-кеңестерін айтады. Бірақ көп жағдайда адамдар үйлеріне кіргізбейді. Оған қарсылығымыз жоқ. Себебі бұл - әрбір азаматтың коституциялық құқығы. Біздің инспекторларымыз оған қарсы ештеңе істей алмайды. Дегенмен, бүгінде біз жаңа құрылыс нысандарына қатысты нормаларды пысықтап жатырмыз. Сонда ауадағы иіс және табиғи газдың көлемін өлшейтін датчиктерді орнату мәселесі ескеріледі. Жаңадан салынған үйді пайдалануға бергенде ондай құрылғыларды міндетті түрде орнату жағы қарастырылады. Іште тұрған датчиктер бірден сигнал береді", - деді Ю.Ильин журналистерге берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, республика бойынша жеке меншік үйлерде тұратын азаматтар датчиктерді өз еркімен біртіндеп орнатып жатыр. Бірақ аталған көрсеткіш тым төмен болып тұр. Себебі заңды түрде ондай міндет жазылмаған.
"Негізі, бұрын сигнал беретін датчиктер болмаған. Сол себепті аталған құрылғылар заңға енгізілмеді. Қазір оның бәрі бар. Осыған байланысты біз ол датчиктерді орнатуға кеңес береміз. Бағасы қымбат емес. Шамамен, 5 мың теңге. Егер адамның датчикті алуға ақшасы жетпесе, онда әкімдікке xат жазуға болады. Жергілікті билік төтенше жағдайдың алдын алу шаралары аясында көмек бере алады", - деп атап көрсетті Ю.Ильин.
Айта кетейік, бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Астанадағы қайғылы оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Вице-министр Юрий Ильин бес баланың өмірін жалмап кеткен өрттің алдын ала себебін де жариялады.