27 нау, 2023 сағат 18:14

Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өткен қос қазақстандықтың біреуі іздестіріліп жатыр


Корея Республикасына кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның қос азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан қашып кетті. Ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отандастарымыздың қашқаны туралы ақпарат әлеуметтік желі парақшаларында тарады. Желі қолданушылары жексенбіде таңғы сағат 4:20 шамасында депортация рейсін күтіп тұрған 21 және 18 жастағы екі қазақстандықтың әуежайдың ұшу-қону жолағы жанындағы қоршаудан асып, қашып кеткенін жазған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, олар Оңтүстік Кореяға 24 наурызда Ташкент қаласынан ұшып шыққан «Koreana» әуекомпаниясының рейсімен келген. Кейін елге кіруге тыйым салынғандықтан, депортациялық рейсті күткен.

Алайда қазақстандықтар Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кеткен. Олардың бірін жергілікті полиция ұстады. Екіншісі іздеуде.

«Қазақстанның Сеул қаласындағы Елшілігі осы мәселе бойынша Корея Республикасының уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста.

Бұл оқиға Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырды және жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланды. Өз кезегінде бұл жағдай болашақта Корея Республикасының құқық қорғау және иммиграциялық органдарын Қазақстан азаматтарының елде заңсыз болуымен белсенді күреске, сондай-ақ азаматтарға елге кіру тәртібін қатаңдатуға итермелеуі мүмкін екендігін атап өткен жөн», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.