16 қаз, 2024 сағат 13:49

«Олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар»: Депутат инфосығандар туралы мәселе көтерді

Фото: Parlam.kz

Бүгін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Мәжіліс кулуарында интернет желісіндегі заңсыз әрекеттер туралы айтып, ҚР Үкіметіне сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.   

Депутат Жарқынбек Амантайұлы қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын айтып, қынжылыс білдірді.

«Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық», - деген депутат бұған мысалдар келтірді.


Ол өз сөзінде таяуда Атырауда қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғаны еске түсірді.

«Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз - сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 


Депутат қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюін атап өтті.

«Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын,  тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда. «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті», -деді мәжілісмен өз депутаттық сауалдында.


Ж. Амантайұлының айтуынша, олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, Мемлекеттің «Неке және Отбасы туралы» Заңына қаншалықты сай екендігін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ.

Депутат ұсынған кебір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айталған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. 

«Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?!» - деген депутат тіпті инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция да жариялаған, алайда ол қараусыз қалған.

«Былтыр Мәжіліс қабырғасында «Онлайн Платформа және онлайн жарнама» туралы заң жобасы қабылданды. Осы Заңның әлі де болса орындалуы осал болып жатқандығын көріп отырмыз. Әйтпегенде, біз көтеріп отырған мәселенің көбі дерлік аталған заңда бүге-шігесіне дейін қамтылған. Ал,  жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Аманат» партиясының «Қарысыз қоғам» жобасының осындай дерттермен күресуге бағытталған іс шаралары бір төбе», -деді Жарқынбек Амантайұлы.


Соны ескере келе, Парламенттің төменгі палатасының депутаты Үкіметке төрт талап қойды:

Бірінші. Инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.

Екіншіден, «Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. 

Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.

Үшіншіден, бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.

Төртіншіден, халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.