Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесі қоғамда жиі көтеріліп келеді. Әсіресе құқықтық құжаттардың қай тілде рәсімделетіні – әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан өзекті тақырып. Сенімхат, сатып алу-сату келісімшарттары, түрлі рұқсат қағаздары көбіне орыс тілінде толтырылады деген пікір де жиі айтылады. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл жерде басты қағида – азаматтың тіл таңдау құқығы.
Нотариус Толғанай Кенжебекованың айтуынша, нотариалдық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде рәсімделеді. Бірақ құжат бір мезетте екі тілде қатар дайындалмайды.
«Тұтынушы қай тілді таңдаса, құжат сол тілде рәсімделеді», – дейді маман.
Яғни азамат қазақ тілін таңдаса, құжат толық қазақ тілінде дайындалады және қосымша орысша нұсқа берілмейді.
Заң кеңесшісі Мақсат Лебаев құқықтық саладағы негізгі проблемалардың бірі – терминдердің бірізді қолданылмауы екенін айтады.
Кей құжаттарда бір ұғым әртүрлі беріліп жатады: мысалы, «тұрғылықты жері», «тіркелген мекенжайы», «тұратын мекенжайы». Мағынасы ұқсас болғанымен, құқықтық құжатта дәлдік маңызды.
«Заң терминдері бірыңғай жүйеге түспейінше, құжаттарды түсіну де күрделене береді», – дейді маман.
Оның пікірінше, заң саласында бірыңғай терминологиялық база қалыптасуы керек. Сонымен қатар заңгерлермен бірге лингвистер мен аудармашылар да бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Маман заң мәтіндерінің күрделілігі азаматтарға жиі қиындық тудыратынын айтады. Банктік немесе нотариалдық келісімшарттардың мазмұнын толық түсіну үшін кейде заңгер көмегі қажет болады.
Сондықтан заң мәтіндері ғылыми дәлдікпен қатар, қарапайым әрі түсінікті тілде жазылуы тиіс.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ал «Тіл туралы» заң мемлекеттік органдардың іс жүргізуде қазақ тілін қолдануға міндетті екенін бекітеді.
Маңызды тұстар:
– мемлекеттік органдар қазақ тілінде өтініш қабылдауға міндетті;
– құжатты тек «қазақ тілінде» болғаны үшін қабылдамауға болмайды;
– ас тарту тек заңда көрсетілген негіздермен ғана мүмкін.
Сонымен қатар тіл заңнамасын бұзған жағдайда әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, құжаттардың барлығы бірдей екі тілде жасалуы міндетті емес. Міндеттілік құжат түріне байланысты:
– кейбір ресми құжаттар мен бланкілер екі тілде рәсімделеді;
– мемлекеттік органдар актілері негізінен қазақ тілінде дайындалады;
– азаматтың өтінішіне жауап өтініш берген тілде беріледі.
Яғни екі тілділік – әмбебап талап емес, құқықтық құжаттың түріне байланысты белгіленеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тілдік таңдау құқығы заңмен қорғалған. Дегенмен қазақ тілінің құқықтық саладағы қолданысын кеңейту – жүйелі жұмысты қажет ететін процесс.
Құжаттарды рәсімдеу тәжірибесі азаматтың таңдауына сүйенгенімен, мемлекеттік тілдің сапасы мен қолжетімділігі артқан сайын оның үлесі де көбейе түспек.
