МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев Израильге сапары кезінде өміріне қауіп төнген сәтті еске алды. Оның айтуынша, қасиетті Әл-Ақса мешітіне барған кезде Израиль әскері мен мұсылмандар арасында шиеленісті жағдайдың куәсі болған, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің сөзінше, мешітке кіру кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жастардың кіруіне шектеу қойылған. Осы сәтте жиналған жұрт пен әскерилер арасында қақтығыс туындаған.
Сәкен Майғазиев сол кездегі көңіл күйін айтып, туған-туыстары мен отбасын ойлап, қатты алаңдағанын жеткізді. Оның жанында араб тілін меңгерген Амангелді Еренғайып болған.
Әншінің айтуынша, жағдай ушыға түскен кезде олар өздерінің Қазақстаннан келген турист екенін айтып, ел атауын атаған. Осыдан кейін әскери қызметкерлер оларға кедергі келтірмеген. Кейінірек қазақстандық қонақтар Әл-Ақса мешітіне басқа жол арқылы кіргізілген.
Сәкен Майғазиевтің бұл естелігі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды. Бірі оның әңгімесін қолдаса, енді бірі әншінің сөздеріне қатысты сын пікірлерін білдірген.