Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысында марқұмдардың туыстары олардың жоғалып кеткеннен кейін WhatsApp-та бөтен адаммен хат жазысып жүргендерін қалай аңғарғандарын айтып берді , деп хабарлайды ult.kz.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты іс бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің немере қарындасы Паризат Кенжеғалиева былтыр 12 қарашада ағасының малы мен мүлкі сатылып жатқанын естіп, үйіне барғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде аулада мал тиеп жүрген адамдарды көріп, сатылымды тоқтатуға тырысқан.
Куәгер бұл жағдай туралы Наурыз Мұқанғалиевтің WhatsApp нөмірі арқылы білгенін, алайда ол кезде хабарламаларды басқа адам жазып отырғанынан күмәнданбағанын жеткізді.
Ол үй иелері жоқ кезде мүлікті сатуға үзілді-кесілді қарсы болғанын айтты. Кейін бірнеше рет видеоқоңырау шалуға әрекеттенгенімен, ешкім жауап бермеген.
Сотта куәгер эмоциясын жасыра алмай, айыпталушыға қарап: “Ол өлген адамды тірілткендей әрекет жасаған”, – деді.
Кейін ол Сәрсемәлиевке: “Олардың кінәсі не еді? Басыңды көтер!” – деп үн қатты.
Судья ескерту жасағаннан кейін Паризат Кенжеғалиева марқұмдардың ешкімге қарызы болмағанын, өз еңбегімен күн көргенін айтты. Осы сәтте ол көзіне жас алды.
Сотта кейін марқұм Мақсот Қарабалиннің немере інісі Шалқар Мұқанғалиевтен жауап алынды.
Оның айтуынша, туыстары жоғалғаннан кейін ол Наурыз Мұқанғалиевке бірнеше рет хабарласқан. Бір жолы WhatsApp арқылы “қиындықтар болып жатыр, анам ауырып қалды” деген жауап келген.
Алайда уақыт өте келе хабарламалар күдік тудыра бастаған.
“Наурыз әдетте қате жазатын. Ал бұл хаттардың жазылу мәнері мүлде басқа болды”, – деді куәгер сотта.
Шалқар Мұқанғалиев те айыпталушыға қарата сөз сөйлеп, егер адам шын өкінсе, Алла кешіретінін, бірақ бұл оқиға көптеген отбасыға орны толмас қайғы әкелгенін айтты.
Ол Наурызбен бірге өскенін, оның ешқашан жанжалқой болмағанын жеткізді. Сондай-ақ Ақбаянның туыстары қысым көрсетті деген нұсқаға сенбейтінін айтып, марқұмдарды кінәламауды сұрады.
Сот барысында жаңа деректер де жария болды. Тергеу мәліметінше, марқұмдардың денесі табылған қора маңынан қан ізі бар балта табылған. Бірақ сараптама нәтижесі ондағы қан марқұмдарға тиесілі емес екенін көрсеткен.
Сонымен қатар қылмыстан біраз уақыт өткен соң үйдің кіреберісіндегі кілемшенің астынан қосалқы кілт табылғаны белгілі болды. Оның кімге тиесілі екені және қашан қалдырылғаны әзірге анықталмаған.
Бұл жайттар алдағы сот отырыстарында қосымша зерттелмек.