Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен "Нұр Отан" партиясының ХІХ съезінде билік партиясы атынан президент сайлауына кім қатысатыны айтылды. Партия төрағасы "Нұр Отан" атынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Назарбаев Тоқаевты "тәжірибелі саясаткер" деп бағалады.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті.
Назарбаев Қ.Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылғандығын айтты.
«Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты. Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі, даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендеуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін. Ол менен бір мүшел жас кіші, осы күні ел басқарып отырған төңіректегі көршілеріміздің құрдасы және замандасы болып саналады. Жұмыс істеуіне ыңғайлы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Съезд басында сөйлеген Назарбаев "Қазақстанның жарқын болашағы үшін" биліктен кету туралы "оңай емес шешім" қабылдағанын айтты. Мұнан соң экс-президент Қазақстанның "өткерген қиындықтары мен жеткен жетістіктерін" сөз етті.
"Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді" деді Назарбаев.
- Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін, - деді экс-президент.
Сондай-ақ, ол Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санайтынын айтты.
«Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру - Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жан-жақты ойластырылып жасалған қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.
(...)Президенттік өкілеттігімді тоқтатқаннан соң, бірқатар елдердің басшыларымен сөйлестім. Көпшілігінен әлі күнге дейін хаттар келіп түсіп жатыр. Солардың барлығы билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтынын жеткізді. Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық еш нәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін. Міне, ең бастысы осы», - деді Тұңғыш Президент», - деді Елбасы.
Айта кетейік, партия съезінің жұмысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы 1500-ден астам адам қатысып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін жариялаған.
Қазақстанда кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталған. Үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.
22 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы Сәдібек Түгел "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан президент сайлауына кандидат ретінде құжаттарын өткізгенін хабарлады.
Тап сол күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі партия съезінде "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді саяси ұйымның атынан сайлауға кандидат ретінде ұсынатынын хабарлаған. Оған дейін Жақсыбай Бәзілбаев та сайлауға түскісі келетінін айтқан. Олар Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын әлі тапсырған жоқ.