Тоқаев Қазақстанның экологиялық жетістіктерін атап, сирек жануарларды қорғауға шақырды

Тоқаев Қазақстанның экологиялық жетістіктерін атап, сирек жануарларды қорғауға шақырды
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеп, биоалуантүрлілікті сақтау адамзаттың әл-ауқаты, экономикалық тұрақтылық пен ұзақмерзімді қауіпсіздік үшін маңызды екенін атап өтті. Президент өз сөзінде шөлейттену, су тапшылығы мен жердің тозуы сияқты экологиялық проблемаларды еңсеру үшін нақты нәтижеге бағытталған халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.

Тоқаев Тұран жолбарысын қайтаруға көмектескендерге алғыс айтты

Сондай-ақ Президент Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның президентіне, сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасына (БҰҰДБ) және үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, басқа да халықаралық ұйымдарға алғыс білдірді.

Ол биыл маусым айында соңғы 70 жылда алғаш рет жолбарыстың табиғат аясына жіберілгенін атап өтті. Бұл Қазақстан үшін тарихи маңызы зор оқиға болды.

Жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру Ата заңымызда бекітілді

Тоқаевтың айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау адамзаттың әл-ауқаты, экономикалық тұрақтылық және ұзақмерзімді қауіпсіздік үшін маңызды. Табиғи экожүйелер азық-түлік өндірісіне, су ресурстарын қорғауға және миллиондаған адамның күнкөрісіне ықпал етеді.

«Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті», – деді Президент.

Алайда шөлейттену, су тапшылығы және жердің тозуы табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікке қауіп төндіріп отыр. Президент бұл мәселелер жекелеген мемлекеттердің шекарасынан асып, жаһандық тұрақтылыққа әсер ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы экологиялық проблемаларды шешу үшін саяси қайшылықтарға қарамастан, нақты нәтижеге бағытталған халықаралық ынтымақтастық қажет екенін айтты.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келеді

Президент жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігі бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, табиғи байлықты сақтау – ел азаматтарының да, халықаралық қоғамдастықтың да ортақ міндеті.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына тоқталған Президент бұл қозғалыс экологиялық тазалық шараларымен ғана шектелмейтінін айтты.

«Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда киік саны 4,7 миллионға жетті

Тоқаев Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау бағытында қол жеткізген нәтижелерін де атады. Соның бірі – киік популяциясының көбеюі.

Президенттің мәліметінше, 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік болса, биыл көктемде олардың саны 4,7 миллионға жеткен. Қазір әлемдегі киіктердің шамамен 98 пайызы қазақ даласын мекендейді.

Сонымен қатар қар барысын қорғау жұмыстарының нәтижесі де айтылды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында жойылып кету қаупіне ұшыраған ілбістің саны қорғау шаралары мен ғылыми мониторингтің арқасында шамамен 190-ға дейін көбейген. Қар барысы мекендейтін аумақтың 70 пайызға жуығы Қазақстандағы қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі.

Мемлекет басшысы Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресейге, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге алғыс білдірді.

Оның айтуынша, биыл шілдеде 70 жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Бұдан бөлек, Чехия, Германия және Мажарстанмен бірлесіп, Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстары қолға алынған.

Тоқаев Каспий итбалығын сақтап қалуға шақырды

Президент Каспий теңізінің бірегей экожүйесін қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда бұл жануар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлердің қатарына енгізілген.

Тоқаев Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде теңіз экожүйесін қорғау үшін шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырғанын еске салды.

«Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет», – деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды.