Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар тапсырды

Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар тапсырды
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құтқарушы күніне орай төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстап, олардың еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары деп атап, олардың адам өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігетінін айтты.

«Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, құтқарушы болу үшін батылдық пен қайсарлық қана емес, кәсіби біліктілік, жауапкершілік және отаншылдық қасиеттер де қажет.

«Ауыл құтқарушылары» бастамасын бүкіл елге тарату қажет

Президент шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бастамасы аясында кейінгі екі жылда 300-ге жуық өрт сөндіру бекеті құрылып, соның нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылған.

Мемлекет басшысы осы тәжірибені ел аумағында кеңінен қолдану қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізудің маңызын айтты.

Құтқарушылар заманауи техникамен қамтамасыз етілуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды заманауи техникамен және қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, олардың кәсіби даярлығын жетілдіру және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау Үкіметтің назарында болуы тиіс екенін жеткізді.

Президент қазіргі құтқарушылар дене дайындығымен қатар, заманауи технологияларды да меңгеруі қажет екенін айтты. Әсіресе ұшқышсыз аппараттар мен автоматтандырылған жүйелерді қолдану үшін арнайы білім мен дағды керегін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының мамандар даярлаудағы рөліне тоқталып, оқу орны әлемдік тәжірибені зерттеп, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі қажет екенін айтты.