19 сәу, 2019 сағат 12:48

Бәзілбаев бесінші мәрте Президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

Төрт рет президент сайлауына қатысатынын айтып, бірақ ешбірінде сайлаудың соңына дейін бармаған Жақсыбай Бәзілбаев 9 маусымда өтетін Қазақстанның кезектен тыс президент сайлауына қатысатынын айтты. Бұл туралы ол 19 сәуірде Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде мәлімдеді.

Ол сайлауға "Қазақстандағы орыс қауымдастығы" қоғамдық ұйымының атынан түспек.

"Қазақстандағы орыс қауымдастығы" Бәзілбаевтың ұйым атынан сайлауға түсу ниетін "жиын барысында білген". Жиынға келген ұйым өкілі "бұл өтінішті енді ғана естігендерін, бір апта ішінде ақылдасып, шешім қабылдайтындарын" айтты.

Жиын кезінде Бәзілбаев сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

- Қорғаныс қабілетін нығайтудан бастаймын. Еуропа одағы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымын қолдаймын. Еуразиялық одақ аясында Ресейге қорғаныс коалициясын құруды ұсынамын, - деді ол.

Бәзілбаевтың екі беттік сайлауалды бағдарламасында зейнеткерлерді коммуналдық төлемнен босату, көп балалы аналарға тегін баспана беру, оқу мен медицинаны толықтай тегін ету мен әр қалада зауыт-фабрика салу жоспары бары жазылған.

1998 жылғы президент сайлауында Бәзілбаев бәсекелесі Нұрсұлтан Назарбаевтың пайдасына сайлаудан шығатынын мәлімдеген. Азаттықтың "Осы жолы сайлауда әлдебір кандидаттың пайдасы үшін сайлаудан шығып қалмайсыз ба?" деген сұрағына Бәзілбаев "шықпаймын" деп жауап берді.

- Шықпаймын. Заңда қозғалыс не партия атынан түссең, сен шешпейсің, сені кім, қай партия түсіреді – солар шешеді. Сол себепті мені ұсынса, мен түсемін, тәуекел, - деп жауап берді.

67 жастағы Жақсыбай Бәзілбаев бұған дейін төрт рет – 1998, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткен Қазақстан президенті сайлауларына өзін-өзі ұсынғанымен, саяси бәсекенің соңғы кезеңіне жетпей, өз еркімен шығып кеткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтқан.

Қазақстан президентігіне үміткерлерді жариялау 10 сәуірде басталды. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуір 18.00-ге дейін жалғасады. Үміткерлер 11 мамырға дейін тіркеледі. Сайлауалды үгіт-насихат тіркеу аяқтала сала басталып, сайлау күні аяқталады

Аzattyq.org