"Бір күнде А тобына өтіп кеттім": Алмат Сақатов жәрдемақы мәселесін әзілмен сынады

"Бір күнде А тобына өтіп кеттім": Алмат Сақатов жәрдемақы мәселесін әзілмен сынады
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актер Алмат Сақатов балаларға берілетін жәрдемақыны отбасының әлеуметтік жағдайына қарай тағайындау мәселесіне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі жаңа тәртіп төңірегіндегі түсініксіз жайттарды әзіл арқылы жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында азаматтарды әлеуметтік жағдайына қарай топтарға бөлу мәселесін көтерді. Ол өзінің отбасылық жағдайын мысалға келтіріп, жәрдемақы тағайындау тәртібіне қатысты сауалдарын ортаға салды.

"Қырылып жатырмыз міне, А, В, С, Д, Г группасы деп. Әйеліміз екеуміз былай-былай шыққанда, оның жалақысы менен көп. Біздікі аз енді. Мен енді Г группасымын. Маған тиын-тебен беріп тұрыңдар деймін. Кеше тойға барамын деп ақша алып едім, аяқ астынан А группасы болып шыға келдім. Әйелім пособие алмайсың дейді. Мен неге алмаймын? Үйдің тірлігін, сырттың тірлігін жасаймын. Үйде отырмын ғой енді. Мына группаларды түсіндіріңдерші өзі", – деді Алмат Сақатов.

Өнер иесі табыс көлеміне байланысты отбасының әлеуметтік санаты өзгеруі мүмкін екенін әзілмен сипаттаған. Сондай-ақ ол үй шаруасымен айналысатын адамның еңбегі қалай ескерілетініне қатысты сұрақ қойды.

Актердің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік оның көтерген мәселесін қолдап, әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістер халыққа түсінікті тілмен жеткізілуі керек екенін айтты.

"Не болса да, ащы шындықты жеткізді", "Түсінбей қалдық қой сол, алсын енді оны да, көп көрді", "Күшті жеткіздіңіз", "Алдағы өмір шындығы осындай болады енді, масқара", "Өзі бір-ақ рет берілетін өмірде халықтың әр жағдайын бөлгендері несі?" – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.

Осылайша, Алмат Сақатовтың әзіл аралас мәлімдемесі әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі мен азаматтардың табысын бағалау мәселесіне қатысты пікірталас туғызды.

Алмат Сақатов кім?

Алмат Сақатов – қазақстандық театр және кино актері, әзіл-сықақ жанрында танылған өнер иесі. Ол Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Әкесі Марат Сақатов – белгілі актер, режиссер әрі "Тамаша" театрының негізін қалаушылардың бірі. Алмат Сақатов бала кезінен өнерге қызығып, әкесінің жолын жалғастырған. Шығармашылық жолында "Бауыржан шоу" әзіл-сықақ театрында өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды.

Кейін отандық фильмдер мен телехикаяларға түсіп, комедиялық және драмалық кейіпкерлерді сомдады. Актер "Көзайым", "Өткінші жаңбыр", "ТойХана" және басқа да экрандық туындыларға қатысқан.

Ол бір кезеңде "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасының жүргізушісі болды. Алмат Сақатов тікелей эфирде жұмыс істеудің жауапкершілігі жоғары екенін сұхбаттарында атап өткен. Өнер иесі Алматыда актерлерді дайындайтын әзіл студиясын ашып, жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамытуға атсалысқан. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде гастрольдік сапармен өнер көрсеткен.

2020 жылы "Алматы" телеарнасына берген сұхбатында актер өнерді өмірінің ажырамас бөлігі деп атады. Алмат Сақатов отбасылы, балалары мен немерелері бар. Ол сұхбаттарында отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі және шығармашылық жолындағы қиындықтар туралы жиі әңгімелейді. Бүгінде актер кино саласындағы қызметімен қатар, әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдіріп жүр.