НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады.
"Ресейдің Украинаға қиянатшыл шабуылын түбегейлі айыптаймын. Шабуыл өте көп адамның өмірін қауіпке тігеді" деп жазылған Столтенберг мәлімдемесінде.
"Бұл - халықаралық құқықты өрескел бұзу, Еуроатлантикалық қауіпсіздікке төнген қатер. Ресейді тез арада әскери қимылын доғарып, Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырамын" деді Столтенберг.
Оның айтуынша, НАТО одақтастары жақын арада жағдайды талқылайды.
Бірнеше сағат бұрын Ресей басшысы Владимир Путин ресейлік мемлекеттік телеарналардан мәлімдеме жасап, Донбаста "арнайы операция" бастайтынын хабарлаған. Бұдан соң Украинаның бірқатар қалалары мен облыстарында жарылыс болғаны, оқ атылғаны жайлы ақпарат үдеген. Куәгерлердің айтуынша, Донбастың өзінде ресейшіл сепаратистер тарабынан атқылау күшейген, Украинаның барлық-дерлік аумағында әскери нысандар шабуылға ұшыраған.