04 сәу, 2019 сағат 12:02

МСҚ өлімге себеп болатын бес ауруды атады

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын денсаулық саласындағы көкейтесті мәселелерге аудару. ДДСҰ биыл медициналық көмектің негізгі түрлерінің қолжетімділігіне тағы бір рет тоқталуды көздеп отыр. Себебі, ұлт саулығын сақтауға қарапайым тексерулердің өзі жеткілікті.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда негізгі деген аурулардан 19,3 мың адам көз жұмған. Оның 7,5 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті жастағылар. Халқының саны 18 миллионнан аспайтын еліміз жыл сайын «тепсе темір үзетін» 7,5 мың тұрғынынан айырылып отырады. Мамандар пікірінше, бұған өлім-жітімнің басты себепкері делінетін негізгі 5 аурудың ықпалы мол. Мысалы, өткен жылы:

  1. жүрек-қан тамыры ауруларынан – 9,7 мың адам; 
  2. ас қорыту жүйесі ауруларынан – 2,8 мың адам;
  3. түрлі оқыс оқиғалар, улану мен жарақат салдарынан – 2,7 мың адам;
  4. онкологиялық сырқаттардан – 2 мың адам;
  5. тыныс жолдары ауруларынан – 1,9 мың адам көз жұмған.

Қайтыс болған науқастардың басым бөлігінің өліміне дәрігерге өте кеш қаралуы себеп. Яғни, дер кезінде анықталған жағдайда олардың өмірін сақтап қалуға болар еді, дейді мамандар. Сондықтан Медициналық сақтандыру қоры алдағы уақытта аурудың алдын алу мәселесіне басымдық беруді жоспарлап отыр.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 2,9 миллионға жуық адам ауруханаға жатып емделеді. Оның 70 пайызға жуығы немесе 1,9 миллионы – дерт меңдеп, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілгендер. Былайша айтқанда, Қазақстанда әрбір оныншы адам дәрігерлер алдына өміріне қауіп төнген кезде ғана келеді деген сөз. Мұндай жағдайда науқастың тегін негізгі көмектен бөлек, бағасы қымбат процедуралардың ақысын қалтасынан төлеуге мәжбүр болатыны жасырын емес.  Әлбетте, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетілетін, шығыны аз диагностикалық процедуралардың көмегімен мұның алдын алуға болады, дейді мамандар. Мәселен, 2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 400 миллиардқа жуығы емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілмек.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындайтын 1408 медицина ұйымының 700-ден астамы – жеке меншік. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 37-ге артып отыр.

Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. 

 Медициналық сақтандыру қоры