Фото: ашық дереккөз
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Алматының атақты апорт алмасы мен қызғалдағын ұлттық мақтаныш, бренд ретінде ресми түрде тануды ұсынды. Оның пікірінше, еліміздегі тұқым шаруашылығымен айналысатын фермерлерді мемлекеттік қолдау қажет. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
"Отандық тұқым өсірушілерді қолдауға ерекше назар аудару керек. Мәселен, Қарағанды облысында орналасқан «Астро-Агро» ЖШС бірнеше жылдар бойы картопты ғылыми тұрғыдан зерттеп келе жатқанына қарамастан, мемлекет тарапынан қолдау көрмей келеді," – деді ол Мәжілістегі жиын барысында.
Депутат шетел тәжірибесін де мысалға келтірді.
"Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа мүше болуға байланысты былтыр Нидерландыда әріптестерімізбен бірге болдық. Шынын айту керек, бұл салада бізден озып кеткен. Осы одаққа мүше бола отырып, олардың тәжірибесін пайдаланып, отандық тұқым шаруашылығын дамытуға жол ашуымыз қажет," – деп түсіндірді ол.
Әлтаевтың пікірінше, Нидерландыдағы танымал қызғалдақтың отаны – Қазақстан, және бұл гүлді ұлттық бренд ретінде танытуға толық мүмкіндік бар.
"Қызғалдақтан бөлек, Алматының апорт алмасы да – ұлттық мақтанышымыз. Өкінішке орай, қазір бала кезіміздегі апорт алмасынан айырылып қалдық," – деп ойын жеткізді депутат.
Айта кетейік, шетел ғалымдары барлық алманың түп атасы Алматы өңірінде пайда болғанын дәлелдеген.