02 ақп, 2021 сағат 21:44

Мәскеу соты Навальныйды түрмеге қамау туралы шешім шығарды

2 ақпанда Мәскеудегі Симоновский соты ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйға шешім шығарып, оған үш жарым жыл түрме жазасын тағайындады. Сот Навальныйдың 2014 жылы тергеу изоляторында отырған мерзімін және 2021 жылдың 17 қаңтарынан бері қамауда отырған уақытын алып тастады. Оппозиционер қамауда 2 жыл 8 ай отырады. 

Навальныйдың үстінен Қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) шағым түсіріп, соттан Навальныйдың "Ив Роше" ісі бойынша үш жарым жылдық шартты жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұраған (Саясаткер 2014 жылы "Ив Роше" компаниясынан ақша жымқырды деп 3,5 жылға шартты жаза алған еді).

ФСИН Навальный үш жарым жылдық шартты жаза аясында "полицияға келіп белгілену шартын бұзды" деп айыптайды. 

Сотта Навальный Берлиндегі ауруханада емделіп жатқандықтан "полицияға келе алмағанын" айтты.

"Комада жаттым, денсаулық жағдайым мен жатқан жерім жайлы барлық құжатты жібердім. Кейін ұшақпен [Ресейге] келдім. Тағы не істеуім керек еді? Үйіме келгенде болмады дейсіздер. Әрине, үйде болмадым. Тағы не істей аламын?" деді Навальный сотта.

Оппозиционердің бұл сөзіне ФСИН өкілі "ведомство сайтында көрсетілген телефонға хабарласу керек еді" деп жауап берді.

Соттағы үзіліс кезінде Навальный "бұған бункерде тұрып жатқан бір адамның жек көрушілігі мен қорқынышы себеп" деді. 

Екі тарап сот шешіміне шағым түсіре алады. 

  • Навальный былтыр тамызда Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқанда жағдайы күрт нашарлап, Омбы қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Кейін оның уланғаны белгілі болған. Ес-түссіз жатқан Навальный Германия билігі жіберген арнайы ұшақпен Берлинге жеткізіліп, сол жақта бірнеше ай емделді.
  • 17 қаңтарда ол Германиядан Ресейге оралған еді. Ресей полициясы Навальныйды Мәскеудегі Шереметьево әуежайынан ұстап әкеткен. Осы күні полиция Навальныйды күтіп алуға келген жетпіске жуық адамды ұстады.
  • 18 қаңтарда Мәскеудегі сот Навальныйды 30 күнге қамауға алды. Сотқа дейін саясаткерге адвокаты жіберілмеді. Қорғаушыларға сот болатыны жайлы отырыс басталар сәтте хабарланды. Навальный бұл жайтты "заңсыздықтың шектен шыққан сәті" деді. Сотта ІІМ өкілі Навальный шартты жазасы үшін полицияға бірнеше рет белгіленбеді деді.
  • Навальный қамауда отырғанда ол басқаратын "Жемқорлықпен күрес қоры" "Путин сарайы" атты зерттеуін шығарды. Зерттеуде Ресей президенті Путиннің Геленджикте зәулім сарайы бары айтылады.
  • 23 және 31 наурызда Ресейде мыңдаған адам Навальныйды босатуды талап етіп наразылыққа шықты. Жұрт елдегі жемқорлыққа да қарсылық білдірді. 23 қаңтардағы митингіде полиция төрт мың адамды, 31 қаңтарда 5,3 мың адамды ұстады.
  • Екі митингіден кейін Ресей билігі белсенділерге, құқық қорғаушыларға, оппозицонерлерге қарсы қырықтай қылмыстық іс қозғады. Осы істің аясында полиция қылмыстық іс қозғалғандардың үйін тінтіп, кейбірін қамауға алды.
  • Еуропарламент пен АҚШ Ресей билігінен Навальныйды босатуды талап етеді.