“Жаужүрек мың бала” фильміндегі Сартай рөлі арқылы көпшілікке танылған актер Асылхан Төлепов алғашқы танымалдықтың өміріне қалай әсер еткенін айтып берді. Өнер иесінің сөзінше, фильм жарыққа шыққаннан кейін такси жүргізушілері оны тегін тасып, мейрамхана қызметкерлері де көрсеткен қызметі үшін ақы алмаған, деп хабарлайды ult.kz.
Актер “Интеллигентно қу” жобасында қонақ болып, 2012 жылы “Жаужүрек мың бала” фильмі экранға шыққаннан кейін басынан өткен қызықты оқиғаларды еске алды.
Оның айтуынша, тарихи туынды көрерменге жол тартқан алғашқы күннен бастап өмірі күрт өзгерген. Әлеуметтік желідегі танымалдығы да бірден артқан.
“Жаужүрек мың бала” 3 мамырда жарыққа шықты. 4 мамырда менің “Мой Мирімде” 435 мың адам болып кетті”, – деді актер.
Фильмдегі Сартай бейнесі көрерменнің ерекше ықыласына бөленген. Асылханды көшеде кездестірген адамдар бірден танып, жылы лебіздерін білдіретін болған. Әсіресе, такси жүргізушілерінің әрекеті актердің есінде қалыпты. Оның айтуынша, кейбір жүргізушілер көшеде тұрғанын байқамай өтіп кетсе де, кейін танып, көлігін кері бұрып келген.
“Такси ұстаймын ғой. Өтіп кетеді де, артқа жүріп: “Ей, отыр, бауырым, отыр”, – деп салып алады. Сосын артқа қарап: “Жақсы түскенсің”, – дейді. Мен алты-жеті ай таксиге мүлде ақша төлеген жоқпын. Мүлде алмайтын менен”, – деп еске алды ол.
Мұндай жағдай тек таксиде ғана емес, қоғамдық тамақтану орындарында да қайталанған. Актердің сөзінше, шамамен жарты жыл бойы мейрамханаларда тамақтанғаны үшін де ақша төлемеген. Алайда бұл ерекше құрмет ұзаққа созылмаған. Желтоқсан айында таксиге мінген актер әдеттегідей жолақысын ұсынғанда, жүргізуші ақшаны алып қойған. Өнер иесі осы оқиғаны әзілмен еске алып, алғашқы танымалдықтың әсері біртіндеп басылғанын жеткізді.
Бір рөл арқылы бүкіл елге танылды
Асылхан Төлеповтің актерлік мансабындағы ең маңызды туындылардың бірі – 2012 жылы жарық көрген “Жаужүрек мың бала” тарихи фильмі.
Режиссер Ақан Сатаев түсірген картинада ол басты кейіпкер Сартайдың рөлін сомдады. Сол кезде жасы жиырмаға да толмаған жас актердің ойыны көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Фильм XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде елін қорғауға аттанған қазақ жастарының ерлігін баяндайды. Туындыда батырлық пен достық, махаббат пен отансүйгіштік тақырыптары қатар өрілген.
Картинаға Аян Өтепберген, Құралай Анарбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов және Нұрлан Әлімжан сынды актерлер де түскен.
Түсірілімге дайындық барысында актерлер арнайы жаттығудан өткен. Олар екі ай бойы атқа міну, садақ ату және жауынгерлік қимылдарды меңгерген.
Актер 60-қа жуық баланың тұсауын кескен
Асылхан Төлепов сұхбат барысында Сартай рөлінен кейін халықтың өзіне деген ықыласы күтпеген деңгейге жеткенін де айтты.
Оның сөзінше, фильмді көрген кейбір ата-аналар ұлдарына Сартай есімін қоя бастаған. Тіпті балаларының тұсауын кесуді актердің өзінен сұраған отбасылар да болған. Өнер иесі осы уақытқа дейін алпысқа жуық баланың тұсауын кескенін жеткізді.
Осылайша, “Жаужүрек мың бала” фильміндегі бір рөл Асылхан Төлеповке кең танымалдық әкеліп қана қоймай, халықпен ерекше байланыс орнатуына себеп болған.
Актердің айтуынша, сол кезеңдегі тегін такси, мейрамханалардағы құрмет пен балалардың тұсауын кесуге шақырулар оның шығармашылық жолындағы ұмытылмас естеліктерінің біріне айналған.
Асылхан Төлепов кім?
Асылхан Төлепов – қазақстандық театр және кино актері, көпшілікке “Жаужүрек мың бала” тарихи фильміндегі Сартай рөлі арқылы танылған өнер иесі. Ол 1992 жылы 21 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге қызығушылық танытып, актерлік мамандықты таңдаған. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. 2012 жылы режиссер Ақан Сатаевтың “Жаужүрек мың бала” фильмінде басты рөлді сомдап, кеңінен танылды. Бұл туындыда ол елін жоңғар шапқыншылығынан қорғауға аттанған жас батыр Сартайдың бейнесін экранға шығарды. Фильмнен кейін актердің танымалдығы артып, отандық кино саласындағы шығармашылық жолы жалғасты.
2011 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер колледжін “Музыкалық театр артисі” мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2015 жылы осы оқу орнының академиясын “Музыкалық драма артисі” мамандығы бойынша бітірді. Актер “Балалық шағымның аспаны”, “Бауыржан Момышұлы”, “Шыңырау”, “Томирис” және “Қаржыгер. Кету ойыны” фильмдеріне түскен. 2013 жылы Сартай рөлі үшін “Серпер” жастар сыйлығын иеленді. 2016 жылы “Театр және кино” аталымы бойынша “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Сол жылы 23 жасында Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды. 2019 жылы шығармашылыққа басымдық беру үшін депутаттық өкілеттігін өз еркімен тоқтатты.