23 шіл, 2025 сағат 17:10

Маңғыстау облысында мектеп шатырының бір бөлігі құлады: зардап шеккендер жоқ

Фото: видеодан скриншот

Оқиға 23 шілде күні таңғы сағат 6:00 шамасында Қарақия ауданының мектебінде болған. Жазғы демалыс кезеңіне сәйкес, ғимаратта ешкім болмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, құлаған аумақ шамамен 250 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қарақия ауданының білім бөлімі хабарлағандай, бұл мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда онда 1400-ден астам оқушы білім алады.

«Таңғы уақытта акт залының төбесінен бетон конструкция құлап түсті. Қазір тиісті тексерулер мен техникалық сараптама жүріп жатыр. Қорытынды әлі дайын емес, бірақ алдын ала мәліметке сәйкес, зардап шеккендер жоқ», – деді аудандық білім бөлімінің өкілі.


Зақым тек акт залына ғана келген. Мектептің басқа бөліктері, соның ішінде оқу кабинеттері қалыпты жағдайда.

Егер жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмаса, оқушыларды уақытша басқа мектептерге орналастыру мәселесі қаралады.

«Мектеп ғимаратына берілген кепілдік мерзім аяқталған. Бар күшімізді салып, жаңа оқу жылына дейін бәрін қалпына келтіруге тырысамыз», – деді бөлім өкілдері.


Қазір оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды. Құлау себептері техникалық сараптамадан кейін жарияланады.

Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Избергенов барып, жағдаймен танысты.