Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды
ашық дереккөз

Қазақстанда автожол саласын реформалау, жол құрылысының сапасын арттыру және мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейту үшін үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Тиісті өкімге Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Үкіметтің мәліметінше, жұмыс тобы жол құрылысының қолданыстағы жүйесін және сапаны бағалау тәсілдерін қайта қарайды. Сондай-ақ құрылыс стандарттары мен нормаларын жаңарту, саланы басқарудың жаңа тетіктерін енгізу мәселелері қарастырылады.

Реформа аясында цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы жол инфрақұрылымын жақсарту, мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету көзделген.

Жұмыс тобына Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына бірқатар министрліктің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАвтоЖол» компанияларының, жол сапасын бағалау және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.

Олжас Бектенов жұмыс тобына 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ұсыныстар заңнамалық өзгерістерді де қамтуы керек.