15 қаз, 2018 сағат 10:30

Ли Куан Ю әлемі

2013 жылы айтулы саясаткер Генри Киссинджердің кіріспе сөзімен Сингапур өкіметін 31 жыл (1959-1990) басқарған, абырой-атағы бүкіл әлемге мәшһүр Ли Куан Ю туралы ағылшын тілінде ғибраты мол кітап жарық көрді. Бұл туынды АҚШ-тағы Гарвард университетінің ірі ғылыми орталықтарының жетекшілері Грэхем Аллисон, Роберт Блэквилл және Али Уайн сынды танымал ғалымдардың Ли Куан Юмен жүздесіп, Қытай мен Америка Құрама Штаттарының ертеңі және олардың келешек қарым-қатынастары, Үндістанның болашағы, әлемдегі терроризм мен экстремизмнің тамырлары, Сингапурдың ұлттық экономикасының өркендеуі, әлемдік геосаясат пен жаһандану және демократияның көкжиегі туралы сыр бөліскен сындарлы сұхбаттарына негізделген. Туындының авторлары Ли Куан Юдің өз қаламынан шыққан “From Third World to First: The Singapore Story” (“Үшінші әлемнен бірінші әлемге: Сингапур тарихы”) және де басқа еңбектері мен сөйлеген сөздерін назарларынан тыс қалдырмаған.

Көреген көшбасшылығының арқасында көсемдіктің шыңына шығып, жаңа дәуірдегі Сингапурдың атасы атанған Ли Куан Ю бұл күнде 91-де. Жасының ұлғайғанына қарамастан, ол 2011 жылға дейін аттан түспей, екінші министр, ақылшы министр лауазымдарын да мінсіз атқарып, үкімет мүшелерінен абыздық ақыл-кеңесін аямаған. Ли Куан Юдің ғибратты мол өмір жолы кемел ақылдың тозбайтын құндылық екенін бүкіл әлемге паш етіп, тарихты тек отанын шексіз сүйетін, өзі сияқты дарын мен өнегесі мол, ұлтжанды көсемдер ғана жасай алатынын дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырады.

1959 жылы Ли Куан Ю Сингапурдың Үкімет тізгінін қолға алған шақта, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ұлтарақтай ғана аралда орналасқан Сингапурдың мемлекеттігі мен егемендігі қыл үстінде шатқаяқтап тұрған-ды. Сондықтан да ол кезде ел болашағының баянды болатынына көрші мемлекеттердің ғана емес, ел ішінің де сенімінен гөрі күдігі басым болатын. Алайда, бұл күдік пен сенімсіздікті іскер де батыл, ғұлама Ли Куан Ю сейілтіп қана қойған жоқ, бар болғаны отыз жылдың ішінде өз елін әлемдегі пәрменді экономикалардың біріне айналдырып, Сингапур халқының сол кездегі жан басына келетін жұпыны табысының бүгінгі таңда 50 мың доллардан асып түсуіне аямай тер төккені байқалады.

Ли Куан Ю жетекшілік еткен жылдары Сингапур мемлекетінің қанаты тез қатайып, қарыштай дамиды. Соның нәтижесінде аса маңызды халықаралық экономикалық хабқа айналып, бүкіл әлемге кеңінен танылады және Тынық мұхиты аймағындағы көпжақты байланыстар мен тоғыз жолдың түйінді торабына ұласып, тамсанарлық жетістіктерімен бүкіл әлемді таңдандыруда.

Сондықтан да болар, соңғы жарты ғасыр ішінде әлем мемлекеттері басшыларының арасында Ли Куан Юмен жүздесуге тырыспаған немесе оның ақыл-кеңесін алуға ұмтылмағандар жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес. Олардың қатарында АҚШ президенттері Ричард Никсон, Джордж Буш (Джордж Герберт Уокер), Билл Клинтон, Барак Обама, 1995-2007 жылдар арасындағы Франция президенті Жак Ширак, 1989-1994 жылдар арасындағы Оңтүстік Африка президенті Ф.В. де Кларк, Қытай көшбасшылары Ден Сяо Пин, Си Цзиньпин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сол сияқты өз замандарында Ұлыбританияның Үкімет тізгінін ұстаған Маргарет Тэтчер, Джон Мейджор, Тони Блэр, Германия канцлері Гельмут Шмидт, жаһандық корпорациялар мен экономикалық институттардың жетекшілері Руперт Мердок (News Corporation), Джон Чемберс (Cisco Systems), Сэм Палмизано (IBM), Рекс Тиллерсон (Exxon Mobil), Роберт Золик және Джеймс Вулфенсон (World Bank), Мухтар Кент (Coca-Cola), сонымен қатар күллі әлемге әйгілі саясаткерлер Генри Киссинджер, Хиллари Клинтон, Джодж Шульц, Мадлен Олбрайт, Збигнев Бзежинский және қаламдары ұшталған Николас Кристоф (New York Times), Дэвид Игнатиус (Washington Post), Фарид Закария (Time) сынды атақты журналистер де бар.

Осыншама айтулы тұлғалардың назарын өзіне қаратқан тума талант иесі туралы жазылған жаңа туындыны сүзе оқыған кез келген оқырман, ең алдымен, о баста үшінші әлемге тән кедей елдердің бірі болған Сингапурды тарихи қысқа мерзім ішінде бірінші әлемнің ең озық елдерінің қатарына қосудың Ли Куан Ю үшін оңай болмағанын бірден байқайды және оның сол бір қиыншылығы мол жылдардағы сын-қатерлерге қарамастан, Сингапур халқын жасампаз жобаларға жұдырықтай жұмылдырып, толағай табыстарға жетуге дем берген интеллектуалдық қуатының қыр-сырымен де жете танысады.

Шындығында да, Ли Куан Ю жеткен жетістіктер мен ол алған биік асулардың сыры неде дейтін түйінді сұрақтың жауабын іздер болсақ, онымен жүздесіп, ішкі дүниесіне үңілген сұңғыла саясаткерлер мен іскер топтардың аталмыш туындыдан орын тапқан түйінді пікірлеріне соқпай кету мүмкін емес. Ендеше, әңгіме өзегін де солай қарай бұрайық.

Отанға деген ыстық сезім отбасынан басталады емес пе? Ли Куан Ю 1923 жылы Сингапур қаласының тегі қытай отбасында дүниеге келеді. Туған қаласының мәдени құндылықтарынан сусындап, орта мектеп пен колледж бітірген соң, жоғары білімді Ұлыбританияның Кембридж университетінен алады. 1949 жылы отанына қайта оралып, алдымен адвокаттық жұмысқа кіреді. Соңынан кәсіподақ қозғалысына атсалысып, саясатпен түбегейлі айналысады. Белсенді қызметінің нәтижесі болар, 1954 жылы «Халық әрекеті» партиясының бас хатшысы болып тағайындалады. 1959 жылғы сайлауда Ли Куан Юдің беделді партиясы жеңіске жетіп, ол Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі лауазымын иеленеді де ел билігін қолына алады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы ғана.

Солай бола тұрғанмен, осы бір қысқа мәліметтің өзінен-ақ тума таланттың еліне деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандылығының тамыры отбасынан басталғанын, Сингапурдағы беделді оқу орындарымен қатар әлемнің ең әйгілі университеттерінің бірінен алған терең білімі мен тағылымы, әсіресе, ағылшын тіліне жетіктігі оның өз қатарынан оқ бойы суырылып шығып, жауапкершілігі мол саяси лауазымдарға көтерілуіне берік баспалдақ болғанын айқын сезінуге болады.

Биік парасат пен тәртіп және кемел ақылдың байлықты алмастыра алатынына көзі кәміл жеткен ғұлама саясаткер Генри Киссинджер осы қасиеттердің барлығын да Ли Куан Юдің бойынан тапқанын жасырмайды. Кітапқа жазған кіріспе сөзінде ол былай дейді: «Ұзақ жылдар бойы Ли Куан Юді Америка Құрама Штаттары өзінің ажырамас досы санады. Алайда, билік иесі болғандығы үшін емес, керемет ақыл-ой мен биік парасат иесі болғандығы үшін. Ғұлама айтқан уәждердің дәлдігі мен тереңдігі сонша, онымен жүздескен адамдар білімдеріне білім қосып алғандай, рухани тұрғыдан бір байып қалатын. Ұзақ жылдар бойы ара-тұра Вашингтонға атбасын бұрған сайын, онымен жолығысуға ұмтылатындардың саны еш азаймайтын. Олардың ішінде Америка билігінің басында тұрған биік лауазымды тұлғалармен қатар сыртқы саясат пен дипломатияның көрнекті өкілдері де жиі ұшырасатын».

Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың «Ли Куан Ю өз айналасына әлемнің озық стандарттарын өкімет жүйесіне енгізе алатын дарынды мамандар мен білігі мен қабілеті мол тұлғаларды ғана топтастыратын… Ол елге басшылық еткен жылдары мемлекеттік мүдде, білім мен еңбек, үнемділік және көрегендік секілді құндылықтарды үнемі бірінші орынға қоятын еді», деуі сегіз қырлы бір сырлы тұлғаның адами қасиеттерін толық ашып тұрғандай.

АҚШ-тың заманауи интернет технологиялары мен құрал-жабдықтарын өндіріп-сатумен айналысатын трансұлттық CISCO Systems корпорациясының кәсіпкер жетекшісі Джон Чемберс жоғарыдағы пікірлерді одан да бетер толықтыра түсетін мына бір өзекжарды ойды ортаға салады: «Өмірде теңестіруші екі күш бар, оның бірі – Интернет, ал екіншісі – Білім. Ли Куан Ю болса, осы құндылықтардың екеуін де жете меңгеріп, олардың қуат-күшін іс жүзінде шегіне жеткізе пайдалана білген шебер тұлға. Сондықтан да ол – Сингапурды интернет экономикасының табысты мекеніне айналдырған әлемдік көшбасшы».

Бизнес әлемінің және бір ірі өкілі – тран­с­ұлттық Coca-Cola компаниясының жетекшісі Мухтар Кент Ли Куан Юдің сыртқы саясат пен халықаралық аренадағы ауқымды рөлін былайша сипаттайды: «Тарихта өзінің туған елі мен Оңтүстік-Шығыс Азияға мәртебесі биік Ли Куан Ю секілді соншама мол жақсылық жасаған тұлғалар саусақпен санарлық қана. АСЕАН-ға (Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) мүше елдер экономикасының өсуі мен дамуының артында тұрған қозғаушы күштің де Ли Куан Ю екені белгілі. Ол Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы миллиондаған халықтың бейбіт өмір мен экономикасы өркен жайған кеңістікте ғұмыр кешуіне көмегін аямады».

Кітап авторларының негізгі мақсаттарының бірі Ли Куан Юдей сұңғыла қайраткердің, әсіресе, Қытай мен Америка Құрама Штаттарының, сол сияқты Үндістанның болашағы туралы пікірлерін тікелей өз аузынан естуге тырысқандары жасырын емес. Сондықтан да, Гарвардтың сақа саясаткерлерінің төтесінен қойған сұрақтарының кез келгеніне өмір тәжірибесі мен білім тереңдігіне құрық бойламайтын Ли Куан Ю де іркілмей жауап бере отырып, тұшымды да татымды ойларын бүкпесіз жайып салады.

«Қытай көшбасшылары әлемдегі бірінші экономика саналатын АҚШ-ты екінші орынға ығыстырып шығаруға шынымен-ақ дәмелі ме?» деген төте сұраққа Ли Куан Ю бөгелместен: «Әрине, дәмелі», деп, келте жауап береді де, неге олай дейтінін дәлелді де дәйекті айғақтармен тиянақтайды.

Біріншіден, Нью-Иорктегі «Goldman Sachs» атты әлемге танымал америкалық банк жүргізген зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, келесі 20 жылда Қытай әлемнің ең үлкен экономикасына айналады деген нақты пікір қалыптасып отырғанын көлденең тартады.

Екіншіден, Америка секілді Қытай да ғарышқа адам ұшырып, істен шыққан жер серіктерін өз зымырандарымен атып түсіре алатын әлеуетке жеткеніне сілтеме жасайды.

Үшіншіден, Қытай мәдениетінің 4000 жылдық терең тарихы бар екенін естен шығармау керектігін еске салды.

Төртіншіден, Қытайдың бір миллиард үш жүз миллион халқының ішінен қанша қажет болса, соншама талант пен парасат иелерін таңдап алуға мүмкіндіктің жетіп артылатынын тілге тиек етеді.

Бесіншіден, бүгінгі таңдағы Қытайдың әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан мемлекет екенін және бұл елдің әрбір азаматы Қытайдың Америка, Еуропа немесе Жапония секілді бай-бақуатты, оза дамыған, гүлденген және технологиялық бәсекеге толық қабілетті ел болғанын көксейтінін әрі осы ғасырда АҚШ-пен терезесінің теңелуіне бар күшін салатынын, сол үшін Қытай қазірдің өзінде-ақ талантты жас­тарын таңдап алып, білімін ұштап, ғылым мен технологияға, экономика мен бизнеске және ағылшын тіліне белсенді баулуға қолдан келген мүмкіндіктердің бәрін де жасап жатқанын да ескертеді.

Алтыншыдан, Қытайдың ең негізгі басымдығы әскери қуатында емес, керісінше, экономикалық ықпалының күштілігінде тұрғанын еске салып, жұмыс қолы мол әрі арзан болғандықтан, бұл елдің кез келген өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндігінің жеткілікті екенін және өзге мемлекеттерді қызықтыратындай ішкі нарығының шексіздігіне ерекше екпін бере келіп, бұл тұрғыдан, Қытайдың экономикалық ықпалы мен ішкі мүмкіндіктерінің Америкамен салыстырғанда әлдеқайда басым тұрғандығын жасырмайды.

Америка Құрама Штаттарының болашағына қатысты қойылған өткір сауалдарға Ли Куан Юдің берген жауаптары да кез келген оқырманның көңілін көншітеді. Білікті сарапшы әлемдегі бірінші державаның кәсіпкерлік пен бизнес, экономика, ғылым, әскери сала, технология, инновация, инвестиция, сыртқы саясат, инфрақұрылым, ғарыш немесе өзге де салаларда қол жеткізген табыстары мен басымдықтарының өзге елдермен салыстырғанда оқ бойы озық тұрғанын бірауыздан мойындай отырып, әлгілердің түпқазығы мен іргетасы ағылшын тілімен тікелей байланысты екеніне ерекше мән берді.

Айтса-айтқандай-ақ, бұл жерде Ли Куан Юмен келіспеу мүмкін емес. Өйткені, халықаралық қатынас құралы ретінде ағылшын тілі бүгінгі таңда білім мен ғылымның, экономика мен геосаясаттың, технология мен инновацияның, компьютерлік бағдарламалардың, бизнес пен кәсіпкерліктің, интернет коммуникациясы мен ақпарат құралдарының, банк жүйелері мен халықаралық қаржы институттарының, әлемдік ғылыми журналдар мен академиялық басылымдардың, халықаралық конференциялар мен форумдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатияның, халықаралық авиация мен туризмнің және сол салалармен байланысты қамсыздандыру қызметінің, халықаралық жарнама мен сауда-саттықтың, импорт пен экспорттың, телевидение мен аудио-бейне өнімдерінің, қала берді халықаралық заңдардың да тіліне айналып кеткенін жоққа шығару мүмкін емес.

Оның үстіне, ағылшын тілді Америка иммигранттар елі болғандықтан, бұл мемлекетке шетелдерден ағылшын тілін жетік білетін мыңдаған талантты жастар мен ғылымның шыңына шыққан ғұлама ғалымдар да ағылып келіп, тез сіңіп жатады. Олардың ішінде әлемнің маңдайалды математиктері де, физиктері де, химиктері мен биологтары да, экономист ғалымдары да, өзге саланың өкілдері де жетіп артылады. Бұл пікірдің айғақты дәлелі ретінде тек Еуропа ғана емес, бүгінгі таңда бүкіл әлемнің көшбасшы ғалымдарының ағылшын тіліне жүйрік екенін айтсақ та жеткілікті.

Ал Америка Құрама Штаттары болса, аталған қыруар мүмкіндіктерді шебер пайдалана отырып, шеттен талант тартудан алдына жан салмайды. Есесіне, мұндай үдеріс Американы инновациялық идеялар мен заманауи технологиялардың да, кәсіпкерліктің де, сан түрлі бизнестің де инкубаторына айналдырып отыр. Ендеше, Нобель сыйлығымен марапатталған әлем ғалымдарының басым көпшілігі неліктен осы елге тиесілі деген сұрақтың жауабы да жоғарыда аталған факторлармен тікелей байланысты екені айдан анық.

Дәл осы тұста Сингапур экономикасының атасы атанған Ли Куан Ю жүргізген табыс­ты реформалардың бірі ғана емес, бірегейі де ағылшын тілін мемлекеттің әкімшілік және бизнес тіліне айналдырумен байланысты болғанын ерекше атай кетудің реті бар. Өйткені, 1959 жылы Ли Куан Ю Сингапур үкіметінің билік тізгінін қолға алған кезде, халықтың саны 3 миллиондай ғана болғанына қарамастан, лингвистикалық қиындықтар шаш-етектен болатын. Себебі, ортақ қатынас құралы болмағандықтан, ат төбеліндей ғана Сингапур халқы қытай, малай және тамиль тілдерінің бір-бірінен мүлде алшақ ішкі диалектілерінде сөйлейтіндіктен, үш этнос өкілдері бірін-бірі жете ұға бермеген. Сондықтан, мұның экономикаға тигізетін зардабы да көп болатын. Енді, міне, 30 жыл бойы табандылықпен Ли Куан Ю жүргізген реформаның нәтижесінде, ресми тіл төртеу (ағылшын, қытай, малай, тамиль) болғанымен, халықтың басым көпшілігі ағылшын тілін жете меңгеріп алған. Соның арқасында Сингапур жарты ғасырдан бері өзінің ең жақын экономикалық әріптесі болып саналатын АҚШ-тың басымдықтары мен мүмкіндіктерін өте шебер пайдалана отырып, ол елден инновациялық технологиялар мен білікті мамандар тартуды да, тікелей инвестиция келтіруді де жақсы жолға қойып алған. Сондықтан да, екі елдің арасындағы алыс-беріс жылдан-жылға көбеймесе, азайып отырған жоқ.

Солайы солай, бірақ Ли Куан Юдің Америка Құрама Штаттарын бес саусақтай білетіні соншалық, алпауыт елдің етегіне жармасып отырған әлеуметтік кемістіктері де жеткілікті екенін айқара ашып береді.

Ең алдымен, Ли Куан Ю өзімен сұхбаттасып отырған америкалық ғалымдардың назарын сайлау кезіндегі олқылықтарға аудара отырып, Америка ақпарат құралдары жасанды бояуды қалыңырақ жағып, жабыла жарнамаласа, көшбасшылық лауазымдарға қабілеті мен ішкі дүниесі жұтаң азаматтар да сайланып кететінін көлденең тартты. Бірақ олардың арасынан Черчилльдер мен Рузвельттер немесе де Голльдер шығады дегенге сене алмайтынын жасырмады.

Екіншіден, Ли Куан Ю Американың саясат­керлерінің дамуға тек демократия ғана алып келеді деген уәжін мүлде қостамайтынын бетке айтады. Оның пікірінше, елдің дамуы үшін, демократия емес, ең алдымен, еңбекқорлық пен тәртіп керек, өйткені, шектен шыққан демократия тәртіпсіздік пен берекесіздікке соқтырып, дамуға қолбайлау болады. Сондықтан мемлекеттің сая­си жүйесінің мықтылығы, ең әуелі, халықтың басым көпшілігінің әл-ауқатын арттыруға қабілеттілігімен өлшенуі тиіс. Екіншіден, күллі халықтың құқын теңгерімді ете алатындығымен таразылануы шарт.

Үшіншіден, Ли Куан Юдің топшылауынша, Америка мәдениетінің кейбір қырлары сын көтермейді. Қауіпті карулардың қолжетімділігі, есірткімен байланысты қылмыстардың жиілігі, көшедегі қаңғыбастық, зорлық, ұрлық-қарлық, көпе-көрінеу жасалатын жүгенсіздік пен сорақы қылықтар, түптеп келгенде, азаматтық қоғамның ірігенінің сипаты. Жеке бастың бостандығы мен еркіндігін асыра малданғандар күнбе-күн ойына не келсе соны істеп жатса, бұл күллі қоғамның бұзылып, моральдық құндылықтарының тозғаны. Сосын, ара-тұра азиялықтар Америкаға бара қалса, ондағы заң мен тәртіптің бақылаусыздығын және жоғарыда аталған ұсқынсыз дүниелерді, оның ішінде, шіріген байлық пен сіңірі шыққан кедейлікті көргенде, төбе шаштары тік тұрып қайтатынын да Ли Куан Ю мүлде жасырмайды.

Төртіншіден, Ли Куан Ю америкалық ақпарат құралдарының кемшіліктерін де ашып айтады. Өкінішке орай, әлгі ақпарат құралдарының өкілдері өз елінің төл мәдениетін зор санап, өзгелердікін қор санауға машықтанып алған. Сондықтан да, Сингапур басшыларына да инеліктей қадалып, оларға автократтар, диктаторлар деген айдар тағады. Шектен шыққан қатыгез әрі адам құқын тұншықтырушы қоғамның иелері деп, кемсітіп, шеттетуге тырысады. Бұл туралы Ли Куан Ю өз ойын былай қорытады: «Неге дейсіз ғой? Себебі, біздердің ел басқару құндылықтарымыз бен ұстанымдарымыз олардың идеяларына сай келмейді. Бірақ солай екен деп, өзгелерге өзіміздің өмір сүру салтымызбен эксперимент жасауға жол бере алмаймыз. Оның үстіне, америкалық ақпарат құралдарының біздерге таңбақшы болып отырған идеялары – мүлде дәлелденбеген теориялар. Ол теориялар кезінде Шығыс Азиядағы Американың отары болған Филиппинде де, иә болмаса Тайваньда немесе Корея, Тайланд сияқты егемен мемлекеттерде де ешқашан құндылық болып саналған емес».

Сосын, Ли Куан Ю Сингапурдың мемлекет басқарудағы ұстанымдары мен өз құндылықтарының еш уақытта да өзгермейтінін шегелей түседі. «Егер ол құндылықтар өзгеретін болса, Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қызыл нүктеден қара нүктеге айналады», дейді ол. Артынша, жұмбақтау сөзінің мәнін ашып, мына бір асыл ойын ортаға тастайды: «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарихтың құтты мекеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды… Сондықтан да, мені Батыс әлемінің шаншу сөздері мен жөнсіз мін таға сынайтыны емес, билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның, түптеп келгенде, қандай баға беретіні көбірек ойландырады».

Қорыта айтқанда, Ли Куан Юдің осындай өзекжарды ішкі сырлары мен тастүйін ұстанымдарын құрметтемеу мүмкін емес. Өйткені, мұндай ізгі қасиеттер мен батылдық, ең алдымен, туған елі мен халқын қапысыз сүйетін ұлтжанды тұлғалардың ғана қолынан келетініне көзің жетеді. Олай болса, өзгелерге өнеге болған Сингапур көсеміне бәрекелді деуден басқа қосып алар ешнәрсе жоқ.

Өзге алғышарттар:

– ең алдымен, қаланы тазалауды қолға алды;

– АҚШ-пен тығыз байланыс ұстау;

– өзге елдердің қателерін қайталамау;

– бәсекеге қабілетті болу үшін талантты жас­тарды ғылымға, технологияға және экономиканы, бизнесті басқаруға, ағылшын тілін үйренуге баулу, себебі, бұл тіл – ғылым мен білімнің, технология мен инновацияның және бизнестің тілі;

– революция емес эволюциялық даму жолын таңдау;

– көрші елдермен еркін сауда жасасу;

– шетелдерден талантты мамандар тарту;

– тіл саясатын дұрыс жолға қою;

– жемқорлықты жою;

– шетелдерден, әсіресе, АҚШ-тан озық технология тарту;

– еңбек өнімділігін арттыру;

– демократиядан тәртіпті жоғары қою;

– АҚШ-тың жақсысынан үйрен, жаманынан жирен (see 30 p.);

– елді алға бастыру үшін ең ауыр жұмысқа ең ақылды адам­ды жегу керек (see p.34).

Мұ­ның емі сол ғана.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Егемен Қазақстан. 2015 ж.