Михаил Галустян «Наша Russia» шоуындағы рөлдері үшін тәжік халқынан кешірім сұрады

Михаил Галустян «Наша Russia» шоуындағы рөлдері үшін тәжік халқынан кешірім сұрады
ашық дереккөз

Ресейлік актер әрі әзілкеш Михаил Галустян Тәжікстанға сапарынан кейін «Наша Russia» шоуындағы рөлдері үшін тәжік халқынан кешірім сұрады. Оның бұрынғы әзілдері кейбір көрермендердің көңіліне тиген болса, өкінетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

Галустянның кешірім сұраған видеосын Instagram желісінде TAS International Group компаниясының басшысы Олег Самсонов жариялаған.

Актер Душанбеге алғаш рет келгенін айтып, қаланың сәулетіне, көркіне, тұрғындарының қонақжайлығына және даму қарқынына тәнті болғанын жеткізді. Сондай-ақ сапардан кейін Тәжікстанның тарихы мен мәдениетін тереңірек танығанын атап өтті.

«Егер бұрынғы жұмыстарым мен сомдаған рөлдерім біреудің көңіліне қаяу түсірсе немесе бүгінгі Тәжікстанға сапарыма байланысты наразылыққа себеп болса, шын жүректен өкінемін және сіздерден шын көңіліммен кешірім сұраймын. Бүкіл тәжік халқынан кешірім өтінемін», – деді актер.

Ол сапар кезінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін Тәжікстан тұрғындарына алғыс айтты.

Галустянның сапары неге сынға ұшырады?

Avesta басылымының мәліметінше, қоғамдағы талқылауға актердің 30 қыркүйекте Душанбеде өткен жабық іс-шараға қатысуы себеп болған. Кездесуді TAS International Group компаниясы клиенттері мен серіктестері үшін ұйымдастырған.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары актердің бұрынғы рөлдерін жаппай сынға алған. Кейбір қолданушылар оның әзілдері Тәжікстаннан шетелге жұмыс істеуге баратын мигранттарды кемсітіп көрсетеді деп сынаған. Басқалары актерге өз ұстанымын түсіндіруге мүмкіндік беру керегін айтқан.

Тәжікстанның Мәдениет министрлігі бұған дейін Галустянның елге келуі ведомствомен келісілмегенін мәлімдеген.

«Наша Russia» шоуындағы Равшан мен Джамшут кімдер?

Михаил Галустян танылған «Наша Russia» әзіл-сықақ шоуы 2006–2011 жылдары ТНТ телеарнасында көрсетілген.

Бағдарламада Михаил Галустян Равшанның, ал Валерий Магдьяш Джамшуттың рөлін сомдады. Екі кейіпкер Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары ретінде бейнеленіп, көбіне білімі төмен, қарапайым нәрселерді түсінбейтін адамдар ретінде көрсетілген.

Бұл образдар Тәжікстан қоғамының бір бөлігінің наразылығын тудырған. Сыншылар мұндай әзілдер тәжік мигранттары туралы жағымсыз стереотиптерді қалыптастырады деп есептеген.

Шоу көрсетілген кезеңде Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына ресми нота жолдаған. Сонымен қатар елде осы әзіл-сықақ жобасына байланысты фильм жазылған дискілердің таралуына тыйым салынған.

Арада бірнеше жыл өтсе де, Равшан мен Джамшуттың образдары қоғамда пікірталас туғызып келеді. Галустянның Душанбеге сапары осы мәселені қайта күн тәртібіне шығарды.