Желтоқсанның 3-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 5.30 шамасында Қызылорда облысындағы Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жол бойында жолаушы автобусы апатқа ұшыраған.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, 35 жолаушы отырған автобус Қызылорда қаласынан шамамен 85 километр жерде жолдан шығып, аударылып қалған.
"Жол апаты салдарынан 7 адам мерт болып, 22 адам зардап шекті" деп хабарлады Қызылорда облыстық төтенше жағдай департаменті.
Арада біршама уақыт өткенде, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары Жанат Әбдірахманов қаза тапқандар саны сегіз адамға жеткенін хабарлады. ІІМ апатқа ұшыраған автобустың Шымкенттегі мұнай компаниясына тиесілі екенін хабарлады.
Полиция өкілінің айтуынша, Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнына бара жатқан автобустың аударылуына көктайғақ себеп болған.
Сейсенбі күні Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев апат болған жерде жедел тергеу тобы, құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатқанын айтты.
- ІІМ ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында кей жолдар жабылатыны туралы ескерткен. Жауын-шашын болып, түнде күн суытқандықтан жол бетіне мұз қатқан. Жолдар ішінара жабылды, - деді министр.
Автобус апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы ("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Азаттық порталының хабарлауынша, Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жол жабылған. Қызылорда қаласынан 25 шамқырымда жол бойына полиция қойылған. Жол шетінде тұрған жүк көліктері мен жеңіл автомобильдер арасында Құмкөл мұнай кенішіне жұмысшы таситын автобустар да бар.
Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Көлік апаттарының негізгі себебі ретінде жол ережесін сақтамау және жол сапасының нашарлығы аталады.
Өткен айда Қызылорда қаласында жол үстінде соқтығысқан екі жеңіл көліктің бірі автобус аялдамасында тұрған адамдарды соққан. Салдарынан үш адам сол жерде қаза болып, зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілген.
Қазанның 5-і күні Ақтөбе қаласынан 13 шақырым жерде жолда кетіп бара жатқан оқушылар отырған автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, автобус бір жағына аударылып кеткен. Автобуста 18 оқушы мен 9 ересек адам болған. Жол апаты салдарынан екі бала ауруханаға түскен, тағы бірнеше бала жеңіл жарақат алған.
Маусымның 25-і күні жолаушылар отырған автобус Ақтөбеден шығып, Қызылжар елдімекені тұсынан өте берген кезде КамАЗ жүк көлігімен соқтығысып қалды. Автобустағы жолаушылардың бірі мерт болып, зардап шеккен 12 адам (үшеуі - бала) ауруханаға түскен.
2018 жылы қаңтарда Қазақстанның Ақтөбе облысында Өзбекстаннан шыққан еңбек мигранттары кетіп бара жатқан автобус өртенген. Автобуста отырған 52 адам мерт болған. Олардың барлығы – Өзбекстан азаматы. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.