Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт 6 қазанға қараған түні президент әкімшілігі мен парламент отыратын Ақ үйге басып кіріп, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне дейін барды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, полиция мен арнайы жасақ наразыларға ешқандай қарсылық көрсетпеген.
Қырғызстандық белсенділер мен сайттар сайлау нәтижесіне қарсы шыққандар Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) ғимаратында басып алғанын айтады. Арнайы жасақ халықпен бірге екенін жеткізген. Наразылардың Бішкектегі орталық “Ала Тоо” алаңында толық бақылауға алғаны хабарланды.
Президент Сооронбай Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгоной Стамалиева AKИpress басылымына президенттің Бішкекте екенін айтқан. Президент 6 қазан таңертең сайлауға қатысқан 16 партияның өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлайды.
4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған 16 партия қатысқан. Сайлауда "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан", "Кыргызстан" және "Бутун Кыргызстан" партиясы 7 пайыздық межеден өткен.
Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" 24,5 пайыз дауыс алса, "Мекеним Кыргызстан" - 23,88, "Кыргызстан" 8,76 пайыз дауыс жинаған.
Бұл үш партия үкіметті қолдайтын саяси ұйымдар ретінде сипатталады. "Биримдик" те, "Мекеним Кыргызстан" да Мәскеу үстемдік ететін Еуразия экономикалық одағын жақтайды және Ресеймен қауіпсіздік саласында жақын ынтымақтасу керек деп есептейді.
Оппозициядан жалғыз "Бүтүн Кыргызстан" партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алды. Додаға түскен қалған 12 партия парламентке өтпей қалды.
Жеңілген партиялар сайлаушылардың даусын сатып алу фактілері, әкімшілік ресурстарды пайдалану жағдайлары болғанын айтады.
5 қазанда Бішкектегі орталық алаңда сайлау нәтижесіне қарсы наразылық өтіп, оған он мыңдаған адам қатысты. Олар Жээнбековтің биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап етеді.
Кешке тоғызға таман наразылар Ақ үйге кірмек болған. Кейін полиция көзден жас ағызатын газ, резеңке оқпен наразыларды таратпақ болды. Дәрігерлердің мәліметінше, наразылықта кем дегенде 120 адам жараланған.
Арнайы күштер Ала Тоо алаңы мен Ақ үйді қоршап, наразыларды қуа бастаған.
Кейін жұрт наразылығын қайта жалғастырды. Бішкек уақытымен таңғы 5-те наразылар тарамай тұрды.