ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов коронавирустың таралуына тосқауыл қою бойынша мемлекеттік шекарадағы шаралар туралы түсіндірді, деп хабарлай ды "Ұлт ақпарат".
«Еуропа, ТМД елдерінде сырқаттанушылықтың жоғарлауын ескере отырып, әуе қатынасы қайта ашылған елдерден, сонымен қатар ЕАЭО елдерімен, Өзбекстан Республикасымен авто өту жолдары арқылы келетін адамдарды санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданып отыр», - деді Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, келген адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және COVID-19-ға тапсырған сәттен бастап үш тәуліктен аспайтын ПТР тест анықтамасын ұсынады. Анықтама болмаған жағдайда келгендер COVID-19-ға тексеру жүргізу үшін карантин стационарында екі тәулікке дейін оқшауланады.
«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 6 қазандағы сағат 00:00-ден бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 еліміздің азаматы мен шетелдік, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті. 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды, оның ішінде 60-ынан індет анықталды. Халықаралық авиарейстермен 14 832 жолаушы келді, оның 3 051-і тестілеуден өтті, 10 адамнан ауру анықталды», - деді Ерлан Қиясов.