Фото: abai.kz
ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов тәртіп және әскери тәртіп мәселелері қаралған аттестациялық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Ведомство басшысы өз бағыныштыларын жарғылық емес қатынастарға жол бергені үшін сынға алып, офицерлік құзыреттіліктерді қолдану қажеттігін атап өтті.
"Сіздер, ең алдымен, өздеріңіздің бағыныштыларыңызға қамқорлық жасауға, олардың қызметіне барлық жағдайларды жасауға, кәсіби өсуіне ықпал етуге міндеттісіздер", - деді Жақсылықов.
Жеке құраммен жұмыс жасаудағы олқылықтары үшін Қорғаныс министрінің орынбасары, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары полковник Талғат Сыздықовқа қызметке толық сәйкес еместігі жарияланды, ал әуе қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұртас Қабақовты ҚР Жоғарғы Бас қолбасшысына оны қызметінен босату туралы ұсыныс енгізді.
Қорғаныс министрі әскерлерде құқықтық тәртіпті, сондай-ақ әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар жүйесін күшейтуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев хабарлады.
"Қарулы күштерде құқық бұзушылықтарды тоқтату аясында көптеген шаралар қолданылады. Мәселен, "Жауынгерлік дос" жүйесі, яғни, әрбір келген әскери қызметшінің қасында екінші жауынгерлік досы болады. Оның басты міндеті – оны басқа бір жағымсыз жағдайлардан сақтап, қорғап жүру. Одан басқа, "Пирамида" жүйесі бар", - деді спикер.
Сонымен қатар сарбаздар "Отбасымен бейнеқоңырау" қызметі арқылы туыстарымен хабарласа алады. Әрбір бөлімде ата-аналар чаттары құрылған. Құқықбұзушылық әрекеттерінің алдын алу мақсатында әрбір әскери қызметші жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен Сенім телефондары жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, қызметтік үй-жайлар, оның ішінде казарма орналасқан жер бейнекамералармен жабдықталған. Ол үшін штаттарға оператор лауазымдары енгізілген.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Абай облысындағы Аягөз гарнизоның әскери қызметкері қайтыс болғаны белгілі болды.