15 ақп, 2024 сағат 09:53

"Қазақтелекомға" тиесілі Tele2 және Altel катарлық инвесторларға өтеді


Сурет: Maxima.kz

"Қазақтелекомның" екі ұялы байланыс операторы катарлық инвесторларға өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Power International холдингі "Қазақтелеком" АҚ-на тиесілі "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-ны сатып алуды жоспарлап отыр. Біз Tele2 және Altel туралы айтып отырмыз. Тараптар үшжақты келісімге ("Самұрық-Қазына" АҚ) 2024 жылғы 14 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың араб еліне ресми сапары аясында қол қойды”, – делінген хабарламада.


Былтыр үкімет бәсекелестік орнатып, жоғары сапалы тарифке қол жеткізу үшін "Қазақтелекомға" бір операторды кәсіпорын құрылымынан шығару міндетін қойған еді.

Қазақстанда "Қазақтелеком" компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сатуға қатысты мәселе көп уақыттан бері талқыланып келеді. Алайда осы күнге дейін нақты шешім қабылданбаған.

2024 жылдың 20 қаңтарында экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС сату туралы шешім қабылданды.

2024 жылдың 14 ақпанында Катарда "Қазақтелеком", "Самұрық-Қазына" және "Power International Holding" қол қойылған келісім аясында МТ-S компаниясының 100% үлесін сатып алудың негізгі шарттарын келіскен.

"Біз жақында келіссөздерге кірістік және, әрине, бүгінгі келісім тек Power International Holding-пен мәміле туралы ниетімізді белгілейді және болашақта сату мен сатып алудың барлық шарты мен тәртібін талқылап, біріктіру қажет болады. Әзірге нақты сатылатын баға мен шарттар туралы айта алмаймыз", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.


Power International Holding – экономиканың түрлі секторын қамтитын Катар конгломераты.