30 қаз, 2025 сағат 12:56

Қазақстандықтар блогердің «тегін пәтері» үшін ессіз әрекетке баруда

Фото: azattyq-ruhy.kz
Беларусьтік треш-стример Андрей Бурим (Мелстрой деген атпен танымал) ұйымдастырған пәтер ұтысына байланысты қазақстандықтар ақылға сыймайтын әрекеттер жасап жатыр, деп хабарлайды Ult.kz .

Мәселе Мелстройдың «жомарттығы» немесе «жазылушыларын қуантқысы келетінінде» емес, онлайн-казиноны жарнамалаудың классикалық әдісі болуы мүмкін. Себебі оның MellstroyGame хэштегімен жарияланған ауқымды TikTok-челленджі онлайн-казиноның ашылуына орай өткізіліп жатыр. 

Жақында Астанада ер адам тек іш киіммен MEGA Silk Way сауда орталығында жүгіріп, «Мелстрой гейм, маған пәтер сыйла!» деп айқайлап, байқау атауы жазылған плакатты бұлғап жүрген. Полиция дереу әрекет етіп, 26 жастағы азаматты ұстады. Ол ұсақ бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамалды.

Тағы бір оқиғада Сейфулла Серікұлы есімді қазақстандық ресми түрде есімін Mellstroygame Серікұлы деп өзгерткен. Ол мұндай қадамға пәтер ұтысына қатысу үшін барғанын айтқан. Есімін өзгерту процесін ол ХҚКО-да видеоға түсіріп, жариялады.


Фото: stan.kz

Мелстрой байқауды қазан айының ортасында бастаған. Шарт бойынша, қатысушылар MellstroyGame тегін және оның онлайн-казиносын атап өтетін шығармашылық видео жариялауы керек. Күн сайын блогердің командасы ең ерекше және хайпқа толы видеоны таңдап отырады. Бас жүлде — әлем бойынша қатысушылар арасында ойнатылатын 30 пәтердің бірі.

Айта кетейік, Қазақстанда құмар ойындары проблемасы өте өзекті. 2025 жылдың бірінші тоқсанында отандастарымыз құмар ойындарға 310 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған. Қазір құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Бұл мәселені Қазақстан Президенті де бірнеше рет көтеріп, нақты тапсырма берді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық Құрылтайда қордаланған мәселеге ерекше тоқталған болатын.

Оқи отырыңыз: Онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылуда

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде 400 мыңдай адам букмекер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналғанын айтып дабыл қаққан.

«Құмар ойынның былайша етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсауда. Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүр.  Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек. Мұны Президент Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет» деп нақты тапсырғанын білесіздер», - деген болатын Бейсенбаев Мәжілісте ойын бизнесін реттеу, лудоманиямен күрес бойынша заң жобасының таныстырылымында.


Еске салайық, құмар ойындар — жеңіл табысқа жетудің жолы емес, тәуелділікке апарар қауіп. Казино мен онлайн-ставкалар адамды қаржылық күйзеліске, отбасы мен достардан алыстауға, психологиялық проблемаларға ұрындырады. Құмар ойыннан аулақ болыңыз!

Оқи отырыңыз: Қазақстанда онлайн-казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды