28 там, 2025 сағат 12:02

Онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылуда

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесімен күресті күшейтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Соңғы екі жарым жылда 205 жасырын казино жабылып, 224 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Қазір негізгі қауіп – шетелде тіркелген онлайн-казинолар.

Жыл басынан бері олардың «айнасы» болып табылатын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Алайда кейбір қазақстандық төлем ұйымдары әлі де заңсыз платформаларға қызмет көрсетіп отыр.

Агенттік дерегінше, онлайн-казиноны жарнамалаған 34 блогер анықталған. Олардың ішінде Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев («Baller»), Тәуіржан Айтмаханов, Наиль Тұрғанов, Диляра Аманқосқызы және басқа да танымал контент жасаушылар бар.

Көпшілігі заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзады. Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды.

600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.

Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді.

Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған.

Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.

Өкінішке қарай, бұл істе қыздар да белсенді. Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр.

Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.

Агенттік енді мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабы бойынша «заңсыз ойын бизнесіне көмектесу» ретінде қарастырып, қылмыстық жауапкершілік енгізуді жоспарлап отыр.

Блогерлерге заңды сақтап, қауіпті жарнамадан бас тарту туралы ресми ескерту жасалды.