"Бетіне айтып тастадым": Әбдіжаппар Әлқожа әпкесін күтпеген жерден таңғалдырды

"Бетіне айтып тастадым": Әбдіжаппар Әлқожа әпкесін күтпеген жерден таңғалдырды
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа Астанада өткен әпкесі Роза Әлқожаның концертіне тосыннан келіп, ерекше сый жасады, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі бұған дейін әпкесіне мерейтойлық концертіне қатыса алмайтынын айтқан. Алайда ол Роза Әлқожаға білдірместен концертке келіп, сахнаға күтпеген жерден шыққан.

Әбдіжаппар Әлқожа осы сәттің видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, әпкесінің әсерлі көңіл күйін көпшілікпен бөлісті.

"Тосыннан барып, сахнаға тұрғызып қойып, бетіне айтып-айтып тастағасың ғой. Мені келмейді деп ойлаған ғой әпкем. Роза Әлқожаның эмоциясына баға беріңіздер", – деп жазды әнші.

Інісін сахнадан көремін деп күтпеген Роза Әлқожа тосынсыйға ерекше әсерленген. Ал Әбдіжаппар оқырмандарын әпкесінің сол сәттегі көңіл күйіне баға беруге шақырған.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Әншінің балалық шағы Өзбекстандағы Амангелді ауылында өткен. Бала кезінен музыка мен әдебиетке қызығып, домбыра үйірмесіне қатысқан. Мектепте оқып жүргенде өлең жазып, алғашқы әндерін шығара бастаған. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетін тәмамдаған.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін "Ақ жол – Қазақстан" газетінің өнер бөлімінде журналист болып еңбек еткен. Уақыт өте шығармашылыққа ден қойып, кәсіби әншілік жолды таңдаған. 2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы музыкалық альбомын жарыққа шығарды. Оның "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" және "Жүрек назы" әндері тыңдарман арасында кеңінен танылды. Роза Әлқожа өз репертуарындағы шығармалармен қатар басқа қазақстандық орындаушыларға да ән жазған. Оның шығармашылығында ұлттық әуен, махаббат, отбасы құндылықтары мен адам сезімі кеңінен көрініс табады. Әнші журналист Айдын Қабамен отбасын құрып, бес бала тәрбиелеп өсірген. Оның туған інісі Әбдіжаппар Әлқожа да қазақ эстрадасында танылған әнші.

Әбдіжаппар  Әлқожа кім?

Әбдіжаппар Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Роза Әлқожаның туған інісі. Ол 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Балалық шағы Амангелді ауылында өткен. Өнер иесі алты балалы отбасының кенжесі болып өскен. Анасы ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Әбдіжаппар бала кезінен ән айтуға қызығып, өнерге жақын болған. Алғаш рет алтыншы сыныпта оқып жүргенде әпкесі Роза Әлқожаның қолдауымен Алматыдағы Республика сарайының сахнасына шыққан. Кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алған.

Әнші шығармашылық жолының қалыптасуына әпкесі Роза Әлқожаның үлкен ықпал еткенін бірнеше сұхбатында айтқан. 2011 жылы әпкесінің жеке концертінде өнер көрсетіп, көпшілікке таныла бастады. Кейін жеке әндерін жаздырып, шығармашылық кештер ұйымдастырған. 2014 жылы "Ана туралы жыр" атты ән кешін өткізіп, "Жолданбаған хат" альбомын жарыққа шығарған. Роза Әлқожамен бірге орындаған "Әпке" әні де тыңдарман арасында кеңінен танылды. Оның репертуарында "Оригинал", "Тәтті арулар", "Құмыра жүрек" және "Ұнайды" секілді әндер бар. Әбдіжаппар Әлқожа бүгінде жеке шығармашылығын жалғастырып, концерттер мен түрлі музыкалық жобаларға қатысып келеді.