Қазақстанда коронавирус инфекциясынан бір әйел қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өкінішке қарай бүгін коронавирустен науқас бір әйел қайтыс болды. Бұл - орны толмас ауыр қаза. Марқұмның жақындарына көңіл айтамыз», - деді Дәурен Абаев «Хабар 24» арнасында онлайн режімде өткен баспасөз мәслихатында.
"Осы оқиға коронавирустың қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп отыр. Біз үшін бұл - үлкен сынақ. Биліктің оқшаулауға қатысты талаптарын орындап, төтенше жағдай мен карантинді сақтау қажет. Үйде болыңыздар, аман болайық", - деп толықтырды Абаев.
Осы орайда министр 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жаңа шектеулердің енгізілетінін еске салды.
"Бұл коменданттық сағат емес. Алайда төтенше жағдайдың барлық талабын сақтауды сұраймыз", - деп түйіндеді ол.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті. Нұр-Сұлтан қаласында - 61 адам, Алматы қаласында – 40 адам, Қарағанды қаласында - 2, Шымкент қаласында - 2, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында - 1, Жамбыл облысында -1, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам тіркелді.
16 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал 19 наурыздан астана мен Алматы карантинге жабылған болатын.