Қазақстанда 2 емделуші коронавирустан жазылды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Брифингті жақсы жаңалықтан бастағымыз келіп отыр. Екі емделуші коронавирустан айықты. Қазір олар соңғы тексеру сараптамаларын тапсыруда. Бұйыртса ауруханадан ертең шығады. Бұл - біздің коронавируспен күрестегі жеңісіміз. Басты дүние осы деп айтуға болады. Ең алдымен бұл - дәрігердің жанкешті еңбегінің жемісі. Сондықтан Үкіметтің және барша қазақстандықтың атынан медицина қызметкерлері мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Кез келген маман үшін ең бастысы - өз еңбегінің нәтижесін көру. Сол нәтиже үміт пен қуат береді», - деді Дәурен Абаев.
Бұған дейінгі дерек бойынша Қазақстанда 80 адам коронавирус жұқтырған еді.
- Алматыда - 31 адам,
- Нұр-Сұлтанда - 41 адам,
- Қарағандыда - екі адам,
- Шымкентте - екі адам,
- Алматы облысында - бір адам,
- Ақтөбе облысында - бір адам,
- Жамбыл облысында - бір адам,
- Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам.
Елімізде коронавирустан қаза болғандар жоқ. Үкіметтің дерегінше, вирус жұқтырғандардың басым бөлігінде симптом жоқ я сәл қызуы көтерілген.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.