04 ақп, 2022 сағат 20:00

Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиада шеруінде жүріп өтті

Фото: Қазақстан ҰОК, Тұрар Қазанғапов

Дәл қазір Қазақстан спортшылары Қытай астанасы - Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада шеруінде жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің байрағын бір емес, екі спортшы алып шықты. Оның бірі - шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі - конькиші Екатерина Айдова. 

Екеуі де - құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар. 


Айта кетейік, еліміздің атынан ту ұстаушылар қазақ халқының тарихи образдарын сомдап шыққан. Абзал Әжіғалиев қазақ батырын бейнелесе, Екатерина Айдова Сақ ханшайымы - Тұмар ханым (Томирис) бейнесінде жүріп өтті.

Команданың ту ұстаушылары киетін киімде негізінен қазақтың ұлттық ою-өрнегі «қошқар мүйіз» бейнеленген. Айта кетелік, өрнек элементтерін дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп дайындады. Токио-2020 Олимпиадасында да осындай қадам жасалған болатын.


XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. 

Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі. 

Айтулы сынға әлемнің 90-нан астам елінен спортшы келді. Бұған дейін Оңтүстік Кореяда өткен 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында 95 елден спортшылар келген еді.