Фото: "Қазақстан барысы" республикалық турнирінің баспасөз қызметі
Астана қаласында Республика күніне орай, қазақ күресінен өтіп жатқан «Қазақстан барысы-2024» республикалық турнирінің финалистері анықталды, деп хабарлайды Kazinform ХАА.
Нақтырақ айтсақ, жартылай финалда Шымкент қаласының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров әскер барысы Әділ Оразбаевтан айласын асырып, финалға шықты. Екінші жұпта жартылай финалда Абай облысының қос балуаны Саят Шамшиев пен Ерасыл Қажыбаев сынға түсіп, нәтижесінде Қажыбаев қарсыласын таза ұтып финалға шықты.
Осылайша 42 балуан бақ сынап жатқан турирдің шешуші сынына да келіп жетті.
Енді, Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ерасыл Қажыбаев финалда «Қазақстан барысы-2024» атағын сарапқа салады.
Бұл турнирде облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктелген еліміздің ең мықты балуандары бақ сынап жатыр. Олар еліміздің 17 облысы мен Республикалық маңызы бар 3 қала Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары.
Аталған турнирдің жеңімпазына - 15 000 000 теңге берілсе, 2-орын алған спортшы - 3 300 000 теңгеге иелік етеді. Ал 3-орынға қол жеткізген балуан - 1 080 000 теңге көлемінде сыйақы алады.
Сонымен қатар әр балуан әр белдесуде жеңіске жеткені үшін тағы 100 000 теңгеден алып отырады.
Жалпы «Қазақстан барысы-2024» республикалық турнирдің жүлде қоры 27 100 000 теңге.
Аталған турнирде жеңіске жеткен балуандардың бапкерлері де сыйақысыз қалмайды. 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі.
Аталған ірі дода 26 қазан күні «Барыс-Арена» стадионында өтіп жатыр.