Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Ұлт ақпарат" оқырман назарына Президент жолдаған құттықтау мәтінін ұсынады.
***
Қымбатты қазақстандықтар!
Еліміздің православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын!
Тарихы көне ғасырлардан бастау алатын бұл мейрам азаматтарды адамгершілік, мейірімділік және бауырмалдық сияқты мәңгілік құндылықтардың қадір-қасиетін терең ұғынуға шақырады.
Конфессияаралық келісім – мемлекетіміздің табысты дамуының маңызды факторларының бірі. Біз елімізді мызғымас береке-бірліктің рухына сәйкес өркендетіп, болашаққа нық қадам басып келеміз.
Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі саналатын православ христиандары тәуелсіздігімізді нығайтуға мол үлес қосуда. Біз халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін бірге қажырлы еңбек ете береміз.
Барлық православ христиандарына амандық және бақ-береке тілеймін!
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен бірлік болсын!