Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігі, омырауға тағатын белгісі және байрағы, «Алтын қыран» ордені тапсырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚР Конституциясының 48-бабына сәйкес, Сізге Президент куәлігін, омырауға тағатын белгісін және байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсыруға рұқсат етіңіз», - деді ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде алғашқы сөзін сөйледі
"Аса қадірлі Елбасы, құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, құрметті отандастар! Кеше наурыздың 19 наурыз барша әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы, ұлы тұлға, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен мемлекет басшысы өкілеттігін тапсырды. Елбасының бұл жігерлі шешімі оның жаһандық деңгейдегі және тарихи ауқымдағы саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті", - деді Тоқаев.
Ол Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын айтты.
"Елбасы Кеңес одағының күйреген қалдықтарынан қалған аса күрделі геосаяи жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қалады және оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, мемлекетті барша әлем мойындаған табыстарға жеткізді. Дүниежүзі картасында қарқынды даму, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды", - деді жаңа Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев Елбасы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттардың негізін салғанын еске салды. Олардың қатарында президенттік институт, қос палаталы парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар.