24 мау, 2019 сағат 21:32

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Арыс қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады!.." (Видео)

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы эвакуациялық пунктке барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

«Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс.

Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар! Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Әдейі келіп отырмын», - деді Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуі барысында.


Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тағы парақшасында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың Президентке Арыстағы жағдайды баяндап тұрған сәтінен суреттер жариялады.