Фото: Райымбек Баталовтың Facebook парақшасынан
Үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру туралы шешімін жариялағаннан кейін, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кезектен тыс кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Кәсіпкерлер ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне алаңдаулы, сонымен қатар олар жаңа Салық кодексіне байланысты пікір білдірді.
Баталовтың айтуынша, бизнес үкіметпен конструктивті, бірақ шиеленісті диалог жүргізіп жатыр. Салық кодексін жеңілдету керек, ал бизнеске тең құқық берілуі тиіс — ұлттық палатаның ұстанымы осындай.
«Бизнес қауымдастықта белсенді талқыланып жатқан ҚҚС мөлшерлемесіне ерекше назар аударғым келеді. Біз мөлшерлемені көтеру нақты есептеулермен дәлелденуі тиіс деп санаймыз және оны бірден 20%-ға көтеруге қарсымыз. Сондай-ақ ҚҚС шегін мұқият қарастыру қажет. Біз 15 миллиондық шекке қарсымыз! Мұның бизнес кірістері мен өсу қарқынына, әсіресе әкімшілендірудің қиындауы тұрғысынан тигізер салдарын талдау маңызды».
«Атамекен» арнайы салық режимін қолдану шегін төмендету ұсынысымен де келіспейді.
«Біз үшін мұндай шешімдердің нақты сандарға негізделіп, аналитикалық деректермен расталуы маңызды».
Ұлттық палата салық реформасы бойынша ұсыныстар жинақталған бюллетень дайындады.