«Яндекс» Қазақстанда істен шықты: министрлік деректердің қайда сақталатынын түсіндірді

«Яндекс» Қазақстанда істен шықты: министрлік деректердің қайда сақталатынын түсіндірді
azh.kz

Демалыс күндері Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында ақау болып, пайдаланушылар такси шақыру мен тамаққа тапсырыс беруде қиындықтарға тап болды. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, пайдаланушылардың жеке деректерін сақтайтын серверлер Қазақстан аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Алайда бұл платформаның барлық компоненті ел ішінде орналасқан дегенді білдірмейді. Такси шақыру мен жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер шетелде орналасқан.

Министрлік деректерді ел аумағында сақтау мен цифрлық сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екі бөлек міндет екенін атап өтті.

Қазір «Яндекс» компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен байланыс орнатқан.

Сонымен қатар сұраныс артқан жағдайда такси шақыру және жеткізу қызметтерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін балама платформалармен де жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін «Яндекс Go» баспасөз қызметі сервистердің уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін растаған еді.