МӘМС қоры 9 айда 23,4 млрд теңгені үнемдеді

МӘМС қоры 9 айда 23,4 млрд теңгені үнемдеді
ашық дереккөз

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 9 айда 23,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық шығынның алдын алды. Қылмыстық істер аясында өнім берушілерге заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, қор қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу үшін бақылау күшейтілген. Жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесі заңбұзушылық белгілерін төлем жасалғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір медициналық ұйымдарды қаржыландыру лимиттері ұлғайып, ауруханаларға нақты көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу мүмкіндігі кеңейіп жатыр.

Ел бойынша мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым анықталған. Олардың әрқайсысына жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржылық сауықтыру жоспары әзірленді.

2026 жылдың соңына дейін мерзімі өткен кредиторлық берешекті 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету жоспарланып отыр.

Қаржы министрлігі алдағы кезеңде медициналық көмекті қаржыландыру жүйесін жетілдіріп, қаражатты пациенттердің қажеттілігіне қарай бөлуді көздейді. Негізгі мақсат – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қажетті емді уақытылы алуға мүмкіндік беру.