Ақмола облысында карантин уақытында моншада демалыс жасаған жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аталмыш факт бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталды. Оның қорытындысы бойынша тиісті шара қабылданады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің бас сарапшысы Нұрбек Нәбиев тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Еске сала кетсек, кеше Ақмола облыстық Полиция департаменті Төтенше жағдай режимі кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғалары монша кешенінде демалғанын хабарлаған болатын. Ведомствоның мәліметінше, 18 сәуірде сағат 22:30 шамасында Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласында жүргізген рейд кезінде «Избушка» монша кешені иесі төтенше жағдай режимін бұзғанын анықтады. Монша кешенін тексеру кезінде ішінде төрт адам болған.