16 сәу, 2026 сағат 15:00

Инстаграмдағы бақыт: әдемі көрініс, жасырын шындық

Фото: Pinterest

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Әлеуметтік желіде адамдар отбасы көрінісіне мейлінше иланады. Сүйсінеді. Әсіресе күйеуінің әйеліне  әдемі қатынасы контенті көп қаралымға ие. Мұның сыры неде? Адамдар мінсіз отбасы болатынына өздерін сендіргісі келе ме?

Көп ғасырлар бойы отбасы тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің бейнесі ретінде қалыптасты. Сондықтан "жұбы бар" немесе "отбасылы" деген ой келген сәтте көп адам оларды автоматты түрде "дұрыс өмір сүріп жатқандар" деп қабылдайды. Себебі қоғамдық түсінік, кино, кітаптағы шығармалардың әр адамның санасына "отбасы — бұл тұтастық" деп таңып бергені бар.

Әркім жалғыз болмауға ұмтылады. Бірақ адамзат табиғаты сол өз өмірін өзгелердікімен салыстыруға бейім. Соның ішінде отбасылы жандар біреудің әйелін, өзгенің күйейін, бір-біріне деген қатынасын өзіндегімен салыстырады. Себебі адам өзіне жетіспейтін жылулықты, қамқорлықты  басқа біреудің өмірінен көруге тырысады. Сондайда сырттай әдемі көрінетін қарым-қатынастар басқаларға мінсіз болып көрінеді. Бірақ бұл сырт көз ғана көріп, баға беретін сәт. Шындығында ол отбасында, ол мінсіз күйеудің болмысында бәрі басқаша болуы мүмкін.


Пайым


Табиғатта мінсіз жаратылыс, мінсіз адам болмайды. Олай болса мінсіз отбасы да жоқ. Біздің біреуден естіп, айналадан көретініміз жағдайдың бір беті ғана. Тіпті шынымен жарасымды, әдемі отбасылық қатынас көрсек те мұның артында көп жылдық екеуара келіссөз, еңбек, тарих тұрғанын түсіну керек. Әр қатынас күн сайын   екі тараптың да дұрыс таңдауына құралатын үлкен жол. Сол себепті мінсіздікке емес шынайы өзара қолдауға, түсіністікке ұмтылған ниет керек.


Динара Болат