Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) Лос-Анджелесте жаңа әріптесі DAZN стримингілік сервисімен бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Баспасөз мәслихатының толық нұсқасы Youtube видеохостингіндегі DAZN USA арнасында жарияланды.
«Еркін агент болғандықтан менің егжей-тегжейлі ойлануға уақытым болды. DAZN менің идеяларымды іске асыратын, бокстың жаңа деңгейіне шығаратын мүмкіндік әрі болашақта барлық боксшының үйі болады деп ойлаймын», - деді Головкин.
Боксшы DAZN-мен жасаған келісімшарт бойынша 6 кездесудің барлығын ойдағыдай өткізе алатынын айтты.
«Мен өзімді жақсы сезінемін. Осы алты жекпе-жектен кейін тағы ойланып көреміз. Бұл әзірге біздің алғашқы қадамымыз», - деді ол.
Головкин баспасөз мәслихаты кезінде алдағы мақсаты - үздік боксшы атану екенін атап көрсетті.
«Белдіктерді біріктіру айналасында көп саясат бар екенін қазір көпшілік түсінеді. Бүкіл белдіктің иесі бола отырып, үздік боксшы атанбаған боксшылар да бар. Мақсат - жай ғана белдіктің иесі болу емес, әлемде үздік болу», - деді GGG.
Геннадий сондай-ақ «Канеломен» үшінші айқасқа қатысты пікір білдірді.
«Әрине, өткен кездесулерден біз үлкен тәжірибе жинақтадық. Үшінші жекпе-жек қызыққа әрі бәсекеге толы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Головкин.
«Бұл мен үшін маңызды пункт болды. Бірақ қазір ең үлкен, ең қызықты жекпе-жектерді өткізгіміз келеді. Біз бокс әлемінің шыңында болуды қалаймыз», - деп қосты ол.
Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы басқа салмақ санатына ауысу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
«Өздеріңіз білесіздер, мен DAZN-ға үздік боксшылармен жұдырық түйістіру үшін келгенмін. Егер басқа салмақ санатында қызықты жекпе-жек өткізу мүмкіндігі болса, сол салмаққа ауысамын», - деді.