14 там, 2025 сағат 17:18

Феминизмнен зиян болды ма?

Фото: Pinterest.com

 Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Соңғы он жылдықта елде әйел тағдыры тақырыбы өзекті. Әйел құқығы, әйел бақыты мәселелерінде белсенділік танытқан феминистерге "Батыстың кері әсері" деп көп халық шүйліксе де, дәл осы бағыттың белең алуымен елде бірталай оң өзгерістер байқалады.

Билікте

Іс жүзінде толық іске аспаса да гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында әйелдердің билікке, еңбекке, білімге тең қолжетімділігін дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға 30% квота енгізу заңға енгізілген еді.


Феминист қоғамдық пікір көшбасшылары мен әйел құқығын қорғаушы ұйымдар талаптарының арқасында 2024 жылы қоғамда "Салтанат заңы" деп аталып кеткен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын заң өз күшіне енді. Бұл заң аясында бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық деп саналған тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде денсаулыққа зиян келтіру қылмыстық бапқа ауысты. Балаларға жасалған зорлық-зомбылық соның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыс, ұрлау, өлтіруге ең ауыр жазалар тағайындалып, өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. 

Қоғамда

Әлеуметтік желіде әйел бақытын насихаттаушылардың арқасында соңғы он жылда қоғамдық пікір айтарлықтай өзгерді. Бұрын жабық тақырып саналған әйелге қол көтеру, енеден қысым көру, көп міндетті алып жүріп шаршау, әйелдің өз табысы болмай қиналу, ажырасудан кейінгі мәселелер, жұмысқа қабылдануда жынысына орай шектеулер, қызмет кезіндегі әйелге жасалған харассмент секілді мәселелер жан-жақты талқыланып, әсіресе жастарда құқықтық сауаттылық, өзін қорғауда батылдық қалыптасып келеді. Сонымен бірге әйелге қатысты болып жатқан түрлі мәселелерде қоғамның басым бөлігі ескі стереотиптерге қарсы пікір білдіріп, жаппай әйелді, ананы қолдай бастады.

Әйелдің өзі

Еліміздегі әйел қауымы түгел оянды деуге келмейді. Жұрттың сөзінен қорқатындар, материалдық жағдайға, ескі түсініктерге әлі тәуелді жандар жетерлік. Дегенмен әйел тек отбасының адамы, әрі ол бәріне шыдау керек деген түсінік азайып келеді.

Әйелдер сөйлей бастады. Бұрын "біреу білсе ұят болады", "бәрі үй ішінде қалу керек" деген түсініктегі қыз-келіншектер басындағы қиындықтарды, сезімдерін ашық жаза бастады. Қазір қазақ қыз-келіншегінің басым бөлігінде білім алуға, шетелде жоғарғы білім алуға, тұлға ретінде өсуге, жеке табыс табуға, жеке баспаналы болуға ұмтылыс көбейді. Мұның барлығы дерлік қуанарлық жағдай. Әрі мұның барлығы феминистердің әйел тағдырын жан-жақты жырлауының арқасы.


Пайым

Әйел барда ‒ әйел тақырыбы мәңгі өзекті. Талай ғасыр батпан таптаурынмен өмір сүрген дәстүрлі, патриархалды қоғам үшін бірден өзгеру, бірден әйелге толық құқығын бере салу өте қиын. Қазақ қоғамында оянған, өз өмірін өз тізгініне алған әйел баласы қаншалық болса, езгіде өмір сүретін қыз-келіншек олардан бірнеше есе көп. Сол себепті феминистердің болсын, сауатты жастардың болсын үгіт-насихаты әлеуметтік желіде, өз айналасында, отбасы, қызметте әлі көп қажет-ақ. Көш ‒ жүре бара түзеледі. Сең қозғала бастағанын көз көрді. Билік боп, қоғам боп, ең бастысы әйелдің өзі түгел оянса екен.


Динара Болат