28 қаң, 2025 сағат 12:57

Дәрігерлерге шабуылдайтындар енді қатаң жазаланатын болады


Қазақстанда дәрігерлерге зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту биыл жүзеге асырылатынын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Дәрігерді телефонмен ұрған

Бұл нормаларды енгізуді жеделдетуге жақында Алматыда болған оқиға сеп болды. Мегаполис ауруханаларының бірінде қабылдауға келген пациент шу шығарып, дәрігерлерді ұрып-соққан.

Кеңес беру кезінде пациент ашуланып, алдымен мониторды жұлып алып, жерге құлатқан, содан кейін екі дәрігерге шабуыл жасаған. Гинеколог дәрігерді пациент телефонымен ұрып, қабағын жарған. Нәтижесінде, дәрігерге мидың шайқалуы диагнозы қойылып, жарасына тігіс салынды. Екінші дәрігерге пациент шап аймағына соққы жасап, ернін жарып, кеудесін тістеп алған.

Пациент, сондай-ақ «Менің әкем – офицер» деп қоқан-лоқы көрсеткен.


Дәрігерлер әділдікті соттан күткенімен, сот шабуыл жасаған әйелге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындап, моральдық өтемақы ретінде бар болғаны 200 мың теңге төлеткен. Бұл ретте пациент ешкімнен кешірім сұрамаған және өкінішін білдірмеген. Материалдық шығынды сот ескермеген.

Бұл дәрігерлердың шамына тиіп, әлеуметтік желіде дүрбелең туғызды. Дәрігерлер жаппай министрді белгілеп, шабуыл үшін жазаны қатаңдатуды сұрады. 

Жұдырықпен шешкіштер көбейді

Дәрігер-нейрохирург Дархан Мұстафинов бұл оқиға жарияланған бір ғана оқиға, ал жарияланбай жатқаны қаншама деп отыр.

"Мысалы, отадан кейін әкесі қайтыс болып, дәрігерді ұрған жағдайлар бар. Медбикелер система салып жатып, тамырын жарып алса, оны жер-жеберіне дейін жетіп боқтайтындар, тіпті ұратындар бар. Қазір дәрігерлердің жұмысы қатты құнсызданып кетті. 
Біздің халықтың арасында агрессив адамдардың көптігі байқалады. Бұл әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты болуы мүмкін. Заңмен шешудің орнына, кейбір адамдар күшпен, агрессиямен шешуге тырысады. Неге олар дәрігерге шабуылдайды? Өйткені ол үшін жазаланбайтынын біледі. Мысалы, олар полицияға шабуыл жасай алмайды, себебі заң полицияны қатты қорғайды. Дәрігерлерді де қатаң қорғайтын заң керек", - дейді ол.


Айтуынша, әр дәрігер қолынан келгенді жасайды, протокол бойынша жұмыс істейді. Бірақ әр жағдай әртүрлі.

"Әр адамның ауруы әртүрлі. Әр адамның жеке дара ерекшеліктері болады. Мысалы, бір ауру тура кітаптағыдай өрбімейді. Әртүрлі өзгерістерге ұшырайды, кейде асқынып кетеді. Оларды адамдарға түсіндіріп айтсаң, түсінбейді. Дәрігер бәрін протокол бойынша жасайды, бірақ айтып өткенімдей, жеке дара ерекшеліктер болады. Жазылған ем қонбай жатады. Сондайда адам агрессияға ерік беріп, дәрігерді кінәлайды, боқтық сөздер айтады. 
Дәрігерлерде мойындарында үлкен жауапкершілік бар. Олар мұны сезінеді. Одан бөлек, пациенттің туысқандары дәрігерлердің үстінен арыз жазатын кездері болады. Бұл дәрігердің жұмысын, жауапкершілігін тіпті еселетіп жібереді. Бұған қорқыныш сезімі қосылады. Мұның бәрі дәрігерді депрессияға түсіріп, қызметінен көңілін қалдыртуы мүмкін", - деп қосты дәрігер. 


Ол дәрігерлердің қателігін де заң аясында жауапкершілікке тартуға болатынын айтады.

"Әрине, бәрін науқастарға да жаба беруге болмайды. Дәрігер де өз жұмысын жақсы біліп, білікті маман болуға тырысуы керек. Коммуникациялық қабілетін дамытып, дұрыс сөйлей алуы керек. Алайда, қанша мейірімді болуға тырыссаң да, агрессияға жол беретіндер болады. Оларға расында қатаң шаралар қолдану қажет. Ешкімге ешкімді соғуға, балағаттауға құқығы жоқ. Дәрігер өзінің қызметін атқарып жатыр. Дәрігер өз міндетін дұрыс атқара алмаса, қателік жіберсе, оны заңды түрде қарайтын адамдар, органдар бар. Соларға жүгінген жөн", - деді Дархан Мұстафинов. 

Дәрігерлерді қорғайтын заң қатаңдайды

Күні кеше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларына түсініктеме берді.

Оның айтуынша, жақында болған гинекологқа жасалған шабуыл медицина қоғамын дүр сілкіндірді.

"Медицина қоғамы бұл оқиғаларға қатты наразы. Бар-жоғы бір ай бұрын ауыр халдегі науқастың туыстары жедел жәрдем қызметкерлеріне реанимациялық шаралар кезінде шабуыл жасағанын көрдік. Ал акушер-гинекологқа жасалған шабуыл да үлкен резонанс туғызды. Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау және қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға зиян келтіргендер үшін жауапкершілікті күшейту шаралары туралы айтатын болсақ, бұл нормаларды Бас прокуратура қолдады", – деді Ақмарал Әлназарова.


Министр бұл нормалардың қазіргі уақытта мемлекетішілік келісімнен өтіп жатқанын айтты.

"Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістерді ұсынды, ал Парламент депутаттары оларды белсенді түрде талқылауда. Менің ойымша, осы жылдың ішінде Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде шабуыл жасағандар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдататын түзетулер енгіземіз", – деді министр.


Ол айыппұлдардан бастап, бас бостандығынан айыру немесе шектеуге дейінгі түрлі жаза шараларын енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл нормалар қазір келісу сатысында, бірақ министрдің айтуынша, жақын арада жарияланады.

"Осы оқиғаға келсек, менің тапсырмам бойынша медициналық кәсіподақ ұйымдары зардап шеккен медицина қызметкеріне қолдау көрсетуге, соның ішінде қосымша заңгерлік кеңес беруге атсалысып жатыр", – деді Ақмарал Әлназарова.


Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуді 2024 жылдың 12 ақпанында ұсынғаны белгілі болды.


Анара Бауыржанқызы