Фото: facebook.com/Нуржан Альтаев
Қамауға алынған Нұржан Әлтаев "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 доллар алып келген, деп хабарлады "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Биыл 7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстады.
Н.Б. Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деп күдіктенеді" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты лауазымын атқара отырып, Мырзахметовтен пара алу бойынша өзінің сыбайлас жемқорлық қызметін жалғастырған.
"Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды. Бұл аса ірі көлем болып саналады. Пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Мырзахметов жетекшілік ететін Әлтаев салаларындағы мүдделерді жалпы қамқорлыққа алуға және лоббизм жасауға арналған.
Ол жасаған қылмыс жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, тиісті құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, барлық қатысы бар адамдардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен расталады.
Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, прокуратура органдарының келісімі бойынша Әлтаевтың әрекеттері ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Әлтаев Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы бойынша мәселе шешіліп жатыр", - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.