04 қар, 2024 сағат 15:40

Батыс-Алтай қорығында ірі бұлан фототұзаққа түсті

Фото: видеодан кадр

Қазақстанның жабайы табиғатында сирек кездесетін ірі бұлан Батыс-Алтай қорығында фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қорық өкілдері мәлім еткендей, бұлан (лат. Alces) – бұғылар тұқымдасына жататын ең ірі сүтқоректі. Оның аталығының дене ұзындығы 3 метрге, биіктігі 2,3 метрге дейін жетеді, ал салмағы 360-600 килограмм аралығында. 

Бұланның сыртқы келбеті оны басқа бұғылардан айтарлықтай ерекшелендіреді. Оның басы үлкен, өркешті, ал ерні ілулі болып келеді. Тамақ астындағы 25-40 сантиметрге жететін былғары өсіндісі – ерекшелігінің бірі. Аяқтарының түсі ақшыл-сұр, ал денесінің жүні қоңыр-қара түсті. 

Аталық бұланның күрек тәрізді үлкен мүйіздері 180 сантиметрге дейін жетіп, салмағы 20-30 килограммды құрайды. Бұл мүйіздер күйлеу кезеңінен кейін түсіп қалады және келесі көктемде қайтадан өседі. Бұланның алдыңғы аяқтарындағы үшкір тұяқтары оны қасқыр мен аю секілді жыртқыштардан қорғайтын мықты қару болып табылады.

"Бұл табиғатымыздың ерекше әрі айбынды тұрғынының фототұзаққа ілінуі жануарлар әлемінің сан алуан түрлерін сақтауға деген қызығушылықты арттыра түсті. Қазақстанда бұлан саны аз, сондықтан олардың табиғатта бейнеленуі экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды екендігін тағы бір рет дәлелдей түседі. Мұндай кадрлар еліміздің табиғи байлықтарының түрлілігін паш етіп, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті күшейтуге шақырады", - делінген қорықтың ресми парақшасында.