Коллаж: Ult.kz
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарынан кейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында мемлекеттік құпияларды білетін бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынды. Бұл туралы ол өзінің Facebooke парақшасында жазды. Осы ретте Ult.kz тілшісі депутаттың өзімен жолығып, осы мәселе төңірегінде толығырақ сұрап білді.
Н. Назарбаев Ресей президенті В. Путинмен кездесуге жеке басының мәселелерін күйттеп барған болуы керек деп болжайтын депутат Ермұрат Бапи экс-президенттің бұл әрекетін трагедияға балады.
«Бұл ‒ елді 30 жылға жуық билеген жеке-дара тұлғаның трагедиясы деп білемін. Өзінің халқы өзіне пана бола алмай, сырт елдің басшысынан барып, өзінің жағдайын ойластырып жүргені жақсылық емес. Ол жерге барып Қазақстан мен қазақтың тағдырын айтқан жоқ қой. Ол Путинге Қазақстанның экономикасына, саяси жағдайына байланысты айтты деп ойламаймын. Бұл ‒ жеке бастың күйкі тірлігінің, бизнес, баю, капитал, активтер, туысқандары мен бала шағасы тұрғысында ұсақ әңгіме деп ойлаймын», ‒ деді Е. Бапи.
«Ал бұрынғы президенттен Қазақстан билігіне және халқына қандай қауіп бар?» ‒ деген сұрағымызға депутат Назарбаевтан ешқандай қауіп төнбейді деп есептейтінін жеткізді.
«Біріншіден қазір елде қалыптасқан заңдардың, Конституциялық нормалардың негізінде орныққан билік бар. Қоғамда «екінші Қаңтар болуы мүмкін» деп айтып жатыр ғой. Ондайды ұйымдастыратын онда ондай мүмкіндік жоқ», ‒ деді мәжілісмен.
Ермұрат Бапидың ойынша Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесетінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және құзырлы органдарға айтуы керек болған.
«Ол шетке шығатынын ел Президентімен ақылдасты ма? Немесе тиісті мемлекеттік органдардың алдында экс-президент ретінде айтты ма? Менің ойымша ондай келісім болған жоқ. Ал Қазақстанның мәселесін сыртқа барып өзінің жеке бас мәселесі тұрғысында талқылап жүруі бізді ойландыруы керек», ‒ деді ол.
Бапи жоғары лауазымды қызметте болған тұлғалардың бәрінің шет елге шығу мәселесін реттеу керек деп санайды.
«Мәселен Қожамжаров кетіп қалды. (Қайрат Қожамжаров 2008–2017 жылдары аралығында түрлі атаумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметін басқарды. 2017 жылдан 2019 жылға дейін ол Бас прокурор болды, ред) Бізде неге алдын ала оның сыртқа шығу сияқты осындай заң нормалары болмады? Осы сияқты қазір Еуропада, басқа елдерде қашып жүрген Қазақстанның құпиясын білетін, Қазақстанға әлде бір әсері бар, қоғамдық ұйымдар құрып алған, әлде бір оның мүддесін қорғайтын баспасөз құралдары бар, қоғамда әртүрлі тақырыптар қозғап жүретін қаншама лауазымды тұлғалары бар», ‒ деді депутат өз сөзінде.
Әріптесінің бастамасын Депутат Абазал Құспан да құптайды. Заңгер-депутат өте маңызды мемлекеттік қызмет атқарған азаматтар осындай шектеулерді саналы түрде қабылдауы керек деп есептейді. Ол бұған дейін де мемлекеттік құпияға ие болған мемлекеттік қызметшілердің шетелге шығу мәселесін қатаңдату керек деп мәлімдеме жасағанын айтты.
Фото: Мәжіліс
«Яғни зейнетке шыққаннан кейін де оларға белгілі бір уақыт шетелге шығуға мүлдем тыйым салу жағын да қатаңдатуымыз қажет. Мемдекеттік құпия жөнінде заң бізде жоқ емес, бар. Бірақ ол сол заңның жекелеген нормаларын күшейтуді өмірдің өзі қажет етіп отыр. Сонымен қатар оны өзге елдердің практикасынан көріп отырмыз. Оны өз тәжірибемнен мысал ретінде келтірейін. Мысалы Қытай елінен келуі керек қонақтарымыз келе алмай қалды. Себебі олар аудандық деңгейде жерасты құбырларын білетін маман екен. Ол Республикалық деңгейде ешқандай қызмет атқармаған адам, тек аудандық деңгейде қызмет істеген. Ол зейнетке шыққаннан ондаған жыл өтсе де Қытай елі шығуға рұқсат берген жоқ мысалы», ‒ деген депутат Құспан Қазақстанда заң Қытайдағыдай қатаң болмаса да, осы мәселені реттестіру керек деп есептейді.
Жоғары лауазымды қызметте болған, мемлекеттің құпия деректерін білетін азаматтың шетелге шығуын шектеу туралы депутаттар әзірге талқылау үстінде, нақты заң қабылдап, әрекеттер қашан болатыны белгісіз.
Фото: stan.kz
Айта кетейік сенбі күні кешке Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Президенті Владимир Путин қабылдап, кездесу өткізді.
«Кремльде Владимир Путиннің Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті», – деп жазды Кремльдің баспасөз қызметі.
Алайда Қазақстанның бұрынғы басшысы мен Ресей президенті не себепті кездескені айтылмады.
Балжан Жеңісқызы
