Өрт салдарынан зардап шеккен отбасыға жан-жақты көмек көрсетіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабындағы үйден шыққан өрт салдарынан бес баланың қазасына байланысты шұғыл кеңес өткізді.
«Үлкен қасіретке душар болған отбасыға көңіл айтып, бірге қайғырамын. Қала басшылығы оқиға орнына барды, қаза болған балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр», - деді қала әкімі.
Өз кезегінде, ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың түсіндіруінше, бұған дейін Көктал-1 тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілген.
«Бұл үйге ТЖ департаментінің қызметкерлері келіп, тиісті ескертулерін жасады, оларды жою бойынша ұйғарым берілген», - деді Аманбаев.
Бақыт Сұлтанов аудан әкімдерінің төтенше жағдайлар департаменті және полициямен бірлесіп тез арада тұрғын алабының әрбір үйіне кіріп, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді талап етті.
«Бұл сіздердің тікелей міндеттеріңіз, оны үнемі еске салуым керек емес! Ол жұмысты бұрын жүргізу тиіс еді, төтенше жағдайлар департаментінің қателігі бұл. Осындай үйлердің тұрғындарын білулеріңіз қажет», - деді ол.
Қала әкімі құзыретті органдарға қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды тапсырды.
Еске сала кетейік, 4 ақпан түнінде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2013, 2015, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.