15 ақп, 2021 сағат 14:35

Тоқаев: Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратуралар басшыларының қатысуымен бейне байланыс режимінде кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Жиын алдында Мемлекет басшысына «Электронды қылмыстық іс», «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай реестрі», «Субъектілер мен объектілерді тексерудің бірыңғай реестрі», «Электронды арыз-шағымдар» және «Аналитикалық орталық» сияқты цифрлық жобалар ұсынылды. Президентке прокурорлардың сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша кейбір органдардың шешімдерімен онлайн-режимде келісу үдерісі таныстырылды. Аталған зияткерлік шешімдер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында қабылданды.

– Дұрыс бағыттағы ауқымды жұмыс атқарылғанын ерекше қуанышпен айтқым келеді.  Бұл жұмыстарды кеңейтіп, жалғастыра беру керек. Өйткені цифрландырудың баламасы жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте сөйлеген сөзінде прокуратураның заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмыспен күресте айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы пандемия кезінде елімізде қылмыстық іс-әрекеттердің 30 пайызға азайғанын айтып, құқық қорғау жүйесінің жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар Президент халықтың сенімі мен азаматтардың құқы басты өлшем екеніне тоқталып, осы саладағы реформалар қарқынды жүргізіле беретінін айтты.

– Алдағы реформалар кезінде прокуратура органдарының орны ерекше болады. Бүгінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Соның арқасында бір айдың ішінде 692 адамды қылмыстық қудалаудан арашалап қалдық. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғаудың маңыздылығын прокурорлардың есіне салды. Оның пікірінше, бұл міндеттің тиімді атқарылуына қарай құқық қорғау жүйесінің жұмысы бағаланады және халықтың сенімі де осыған байланысты қалыптасады. Мемлекет басшысы кәсіби біліктілікті арттырып, азаматтармен қарым-қатынас жасау тәсілін түбегейлі өзгерту қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаушы орган өкілдерінің алдына бірқатар міндет қойды.

Президент азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайды. Мемлекет басшысының айтуынша, енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде шағын бизнестің субъектілерін тексеру былтырдың өзінде 5 есеге қысқарды. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда.

– Соңғы 3 ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады. Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасындағы қатынастарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарастырылуға тиіс екенін тағы бір мәрте елдің есіне салды. Президент мұны құр даңғаза сөз емес, нақты іске шақыру деп санайды. Прокуратура органдары осыны есте ұстауы керек. Оның үстіне бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан рәсімделеді. Бұл экономикалық өсімнің қарқыны төмендеген кезде өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Мемлекет басшысы прокуратураға соттармен бірлесіп барлық тиімсіз жұмыс істеп тұрған нормалар мен негізсіз актілерді анықтауды тапсырды. Ол үшін Азаматтардың арыз-шағымдарына арналған бірыңғай платформа уақытылы жұмыс істей бастауы тиіс.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі криминогендік ахуалға назар аударды. Мемлекет басшысы карантиндік шектеулер кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің едәуір азайғанына қарамастан, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін, керісінше, күш-жігерді жұмылдыра түсу қажет екенін айтты.

– Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бесігінде тұншықтыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, арнайы мемлекеттік органдармен және Әділет министрлігімен үйлестіре отырып, атқаруы тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, аталған мәселеде қоғам пікірін, қоғам белсенділері мен сарапшылардың ұсыныстарын міндетті түрде ескеру қажет.

– Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтары мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді. Тергеу органдарының кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етілмеуі жағдайды ушықтырып жібереді. Прокуратура барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін үйлестіруші ретінде мұндай мәселелерге уақытылы мән беріп, әріптестерімен бірге оны шешуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үшінші міндет ретінде құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды.

– Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн. Жалпы, прокуратура мұндай мәселелерде барынша белсенді, бастамашы болуы тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдарын үйлестіруді жолға қоюды тапсырды.

– Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы туралы айтты. Онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілгенін ескертті.

– Прокуратура органдарына жыл сайын тұрғындардан өте көп арыз-шағым келіп түседі. Соңғы үш жылдың ішінде 650 мыңға жуық шағым берілген. Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шағымдарына нақты әрі түсінікті жауап беру қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы прокуратура қызметінің маңызды бағытының бірі ретінде ықтимал әлеуметтік наразылық ошақтарымен тиімді жұмыс жүргізу екенін айтты.

Президент бақылаушы орган түрлі әлеуметтік қақтығыстардың деструктивті әлеуетін төмендету үшін алдын-алу шараларын қабылдауы керек, сондай-ақ, уақытылы төленбейтін жалақыларды, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастарындағы басқа да жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесуі керек деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, прокуратураның бұл бағыттағы жұмыстарының нәтижелері жаман емес.

– Өткен жылдың өзінде ғана сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың арқасында 29 мың қызметкердің жалақыдан қарыз болған 2,7 миллиард теңге қаржысы төленді. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе, кейбір кәсіпорындарда шиеленістің өршуі байқалады. Мұндай мәселелерде аймақтағы прокурорлар нақты позиция ұстанып, белсенді әрекеттерге баруы тиіс. Әр іс бойынша оңтайлы шешім шығарып, заң үстемдігіне қол жеткізу қажет. Менің тапсырмам бойынша қазір әкімдер осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл жұмысқа прокуратура да араласуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде карантин шараларын қамтамасыз ету және мемлекет мүдделерін қорғау кезінде заңдылықты сақтаудың маңыздылығына да мән берді. Мемлекет басшысы полиция мен санитарлық қызмет тарапынан олқылықтар жіберілетін болса, ондай жағдайда прокуратураға бірден қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласындағы түрлі алаяқтық әрекеттердің алдын алу қажеттігін атап өтті.

– Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуге тиіс, – деді Президент.

Прокуратура қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының пікірінше, прокурорларға қойылатын талаптар әрдайым жоғары болуы тиіс. Бұдан былай жұмысқа алу кезінде алғашқы дайындықтан өту қажет және оны қамтамасыз етуде Құқық қорғау органдарының академиясы ерекше рөл атқаруы керек.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметін технологиялық тұрғыдан жаңарту қажеттігі, оның ішінде, құқық бұзушылықты уақытылы анықтау және оның алдын алу үшін жасанды интеллектіні пайдалану туралы айтты. Президент Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мүмкіндіктерін атап өтіп, оның әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, заңдылық пен құқықтық тәртіп ел болашағының мықты іргетасы екенін атап өтті.

Жиында Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов сөз сөйлеп, Президент тапсырмаларының орындалуы, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.