08 қаз, 2025 сағат 16:43

Аймағамбетов: Мектеп пен балабақша тұрғын үймен қатар салынуы керек

Фото: Zakon.kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексінің жаңа жобасында әлеуметтік маңызы зор бірқатар нормалардың ескерілмегенін айтып, нақты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

🔹 1. Мектеп пен балабақша тұрғын үйлермен қатар салынуы тиіс
Депутат былтыр қабылданған, көпқабатты тұрғын үйлерді мектептер мен балабақшаларсыз салуға тыйым салатын заңның жаңа Кодекс жобасында мүлде ескерілмегенін айтты.

«Қазір тұтас шағынаудандар мектеп пен емханасыз салынып жатыр. Мыңдаған отбасы көшіп келеді, бірақ балаларға оқу мен ем алу орны жоқ. Бұл – әділетсіздік», – деді ол.


🔹 2. Балалардың қауіпсіздігі басты орында болуы қажет
Аймағамбетов әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің терезелерінде қауіпсіздік құлыптары орнатылуы тиіс деген норманың да жаңа құжатта жоқ екенін сынға алды.

«Иә, құрылысшылар үшін қымбат шығар. Бірақ бала өмірінен қымбат не бар?» – деді депутат.


🔹 3. Геологиялық зерттеу саласындағы бейберекеттік
Оның айтуынша, кейбір құрылыс компаниялары геологиялық қорытындыны тіпті жерді зерттемей-ақ сатып алады.

«Мұндай жағдайлар жарықтар мен апаттарға алып келеді. Біз жобалау мен геологиялық зерттеулердің өкілеттігін нақты бөлуді ұсындық», – деді Аймағамбетов.


🔹 4. Әлеуметтік нысандарға бөлінген жерді басқа мақсатта пайдалануға тыйым салу
Депутаттың сөзінше, кейбір аймақтарда мектеп пен балабақшаға арналған жер телімдері уақыт өте тұрғын үй немесе сауда орталығына айналып кетеді.

«Мұндай жерлердің мақсатын тек 100 метр радиуста балама телім берілген жағдайда ғана өзгертуге рұқсат етілуі тиіс», – деді ол.


🔹 5. Құрылыс компаниялары мен әкімдіктер арасындағы меморандумдар заңды күшке ие болуы керек
Қазіргі келісімдер көбіне «жай уәде» күйінде қалып, нақты жауапкершілік жүктемейді. Сондықтан Аймағамбетов бұл құжаттарға заңды міндеттеме мәртебесін беруді ұсынды.

🔹 6. Сапасыз құрылыс пен жауапкершіліктің жоқтығы
Депутат құрылыс сапасын бақылау тетіктерін күшейтуді және айыппұлдарды бірнеше есе арттыруды, тіпті өрескел бұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді талап етті.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл ұсыныстар тек техникалық емес, әділет пен адам өмірінің құндылығына негізделген шешімдер.

«Біздің түзетулеріміз – ар-ождан мен әділеттің нормалары», – деп түйіндеді ол.