Танымал актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абайдың құдалық рәсімінен тараған бейнежазбалар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әсіресе актрисаға берілген қалың малдың мөлшері көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды ult.kz.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Олжас Абай Дариға Бадықоваға арнайы құда түсіп, сырға салу рәсімін өткізген. Қуанышты сәт жақын туыстардың қатысуымен шағын отырыс түрінде ұйымдастырылған.
Құдалық барысында қалың мал да берілген. Тараған мәлімет бойынша, актрисаның қалың малына 10 мың доллар ұсынылған. Алайда бұл сома желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.
Кейбір оқырмандар танымал актриса үшін мұндай қаражат аз екенін айтып, өз көзқарастарын білдірген.
"Арзанға кетіпті", "10 мың доллар деген аз ғой, 100 мың доллар берсе де лайықты", "Бастысы екі жас бақытты болсын", "Қалыңсыз қыз болмайды деп бергендері ғой", – деп жазды желі қолданушылары.
Дегенмен көпшілік арасында екі өнер иесінің жеке өміріне араласпай, олардың қуанышына ортақтасуға шақырғандар да болды.
Ал Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті өзгенің жеке өміріне қатысты түрлі пікір айтудан гөрі, жақсылық тілеуге шақырды.
"Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды.
Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған.
Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз.
Тек бақыт тілеңіздер!
Өйткені ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат", – деп жазды актриса.
Осылайша, Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты айтылып жатқан пікірлерге мән бермей, көпшіліктен тек ақ тілек күтетінін жеткізді. Ол әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін еске салып, өзгенің өміріне төрелік айтудың қажеті жоқ екенін меңзеді.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық театр және кино актрисасы, кинопродюсер. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Музыкалық драма және режиссура" мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолында режиссер Болат Атабаевтың "Ақсарай" музыкалық театрында актриса болып қызмет атқарған. Театр сахнасында Ғабит Мүсіреповтің "Қыз Жібек" шығармасындағы Қамқа бейнесін сомдаған.
Дариға Бадықова 2012 жылы "Ғашық жүрек" телехикаясына түскен. 2013 жылы режиссер Асқар Ұзабаевтың "Абайлаңыз, сиыр!" фильмінде ойнаған. Сондай-ақ "Тракторшының махаббаты" телехикаясына қатысқан. Актриса көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы кеңінен танылды. Бұл кейіпкер оның шығармашылық жолындағы маңызды рөлдерінің біріне айналды.
2023 жылы Дариға Бадықова кинопродюсер ретінде өзінің алғашқы толықметражды туындысы "Таптым-ау сені" фильмін көрерменге ұсынды. Романтикалық комедия жанрында түсірілген картинаның қоюшы режиссері Әнуар Матжанов болды. NTK телеарнасының мәліметінше, фильмнің өндірісіне 108 миллион теңге жұмсалған. 2024 жылдың ақпанында картинаның кассалық табысы 1 миллиард 850 миллион теңгеге жеткені хабарланды. Кейін актриса "Таптым-ау сені 2" фильмінің түсірілетінін де мәлімдеді
Олжас Абай кім?
Олжас Абай (Жанабеков) – қазақстандық театр және кино актері, әнші. Ол 1991 жылы 8 шілдеде дүниеге келген. 2011 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театры және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет еткен. Өнер жолын театр сахнасынан бастаған актер кейін телехикаялар мен көркем фильмдерге түсе бастады. Оның алғашқы экрандық жұмыстарының қатарында "Парыз" және "Қара шаңырақ" телехикаялары бар. Олжас Абай көрерменге әсіресе "Бәсеке" телехикаясындағы рөлі арқылы кеңінен танылды. Актер сериалдың бірінші және екінші маусымына қатысқан. 2018 жылы "Жұлдыздар отбасы" басылымына берген сұхбатында "Бәсеке" телехикаясынан кейін киноға шақыртулар көбейгенін айтқан.
Кейін "Әулет" телехикаясында да өнер көрсетті. Сонымен қатар "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар" және "Гудбай, мой бай 2" фильмдеріне түсті. Актердің фильмографиясында "Базар жоқ, Мексика!", "Zero", "Ауылбайский участковый" және "Аяш 3" туындылары да бар. Ол Дариға Бадықовамен бірге "Таптым-ау сені" романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдады. Олжас Абай актерлікпен қатар Ochooou сахналық атымен әншілік өнермен де айналысқан. Бүгінде ол отандық кино саласында шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.